Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырауда студенттер тарихи құндылықтарды зерттеуге экспедицияға аттанды. Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің 20 студенті Қызылқоға ауданындағы қорғандарды зерттейді.
Бұл экспедиция былтыр жоспарланған. Бірақ төтенше жағдайға байланысты кейінге шегерілді. Сондықтан бұл бастаманың біз үшін орны бөлек. Студенттер осы уақытқа дейін аудиторияда алған білімдерін тәжірибе жүзінде үйрене алмады. Бұған дейін тарих факультетінің студентері Ақтөбедегі Ташкешу, Атыраудағы Сарайшық қорымдарында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Барлық қазба жұмыстарына қатысты. Бірақ ол жерден табылған құндылықтар бізге тиесілі болмады. Өйткені оқу орнында лицензия жоқ болатын. Енді біздің университет археологиялық қазбаларды зерттеуге алғаш рет Білім және Ғылым минситрлігінен лицензия алды. Осыған сай Қызылқоға ауданы Мұқыр ауданындағы тарихи қорымдарға жол тартпақ, - дейді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі Лесқали Бердіғожин.
Студенттер 2 апта бойы қазба жұмыстарын жүргізеді. Олардың тапқан жәдігерлері өз аттарына жазылады екен.
Біз оқыған-тоқығанымызды енді тәжірибе жүзінде шыңдаймыз. Екі апта бойы қазба жұмыстарын жасаймыз. Жанымызда жетекшілеріміз болады. Жәдігерлерді зерттейміз. Бұл біздің мамандығымыз үшін өте маңызды, - дейді университеттің 2-курс студенті Бекарыс Мизамов.
Бұған дейін Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге лицензия болмағандықтан студенттердің қорымдардан тапқан құндылықтары рұқсаты бар жеке кәсіпкерлердің атына жазылған.