«Болашақ» бағдарламасы стипендиаттарының тізімі жарияланды

9 Қыркүйек 2021, 11:14
2079
Бөлісу:
«Болашақ» бағдарламасы стипендиаттарының тізімі жарияланды

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылдың 8 қыркүйегінде Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Бұл туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ хабарлады.
 

Отырыста Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссиясы хаттамалық тапсырмаларының орындалуы туралы есебі тыңдалды. Сондай-ақ «Болашақ» халықаралық стипендиясын іске асыруға қатысты бірқатар мәселе қаралды.

Комиссия шешімімен «Болашақ» халықаралық стипендиясы магистратура, докторантура, резиндентура бойынша оқитын, сондай-ақ әлемнің жетекші ғылыми және өндірістік орталықтарына тағылымдамадан өтуге жіберілетін 196 үміткерге тағайындалды.

Айта кету керек, стипендиаттар әлемнің 16 елінің жетекші білім ошақтарында, соның ішінде АҚШ (Гарвард университеті, Колумбия университеті, Массачусетс технологиялық институты), Канада (Торонто университеті), Ұлыбритания (Лондон экономика және саясаттану мектебі, Лондон Империялық колледжі, Лондонның Корольдік колледжі), Жапонияда (Токио университеті) т.б. білім алатын болады.

Сондай-ақ стипендиаттар қазіргі уақытқа аса қажетті қашықтан оқыту методикасы, жоғары білім берудегі стратегиялық менеджмент және көшбасшылық, университетті басқару, инклюзивті білім беру; медициналық генетика, вирусология, инфекциялық аурулар, эпидемиология, биотехнология, биомедицина; инновациялық менеджмент, цифрлық экономика, жасанды интеллект, мұнай-газ инжиниринг, авиация және аэроғарыш техникасы, атом өндірісі, IT, көлік технологиясы, машинақұрастыру, т.б. мамандықтар бойынша білім алады.

2021 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға 1055 стипендия бөлінді. Оның ішінде 555 стипендия магистратура, резидентура, докторантура және тағылымдама бағдарламалары бойынша бөлінген. Қосымша 500 стипендия тағылымдаманың «ғалымдар» жаңа санаты бойынша берілді. Бұл санат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында жыл сайын 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз ету мақсатында бекітілген.

«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау осы жылғы 4 мамырдан 28 қазанға дейін жалғасады.

Отырыс қорытындысы бойынша Қырымбек Көшербаев бірқатар нақты тапсырма берді. Оның ішінде «Болашақ» бағдарламасы стипендиаттарының оқу және еңбекпен өтеу барысын бақылау және қадағалауды күшейту мәселесіне баса назар аударды.

«Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің тізімі Халықаралық бағдарламалар орталығының ресми сайтында жарияланды.

 

Өзгелердің жаңалығы