Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бокстан Ресей құрамасы 2020 жылғы Токио Олимпиадасына бейтарап команда ретінде барғысы келмейді.
Бұл туралы "Р-Спорт" агенттігіне Ресей бокс федерациясының бас хатшысы Умар Кремлев мәлімдеді.
9 желтоқсанда Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) Ресей спортшыларын төрт жылға Олимпиададан шеттетуге шешім қабылдады. Алдағы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына тек "таза" спортшылар ғана қатыса алады. Оның өзінде әнұран мен туды шығаруға рұқсат жоқ.
Ресей спортшылардың зертханалық деректерін өзгертіп, допинг-тест нәтижелерін бұрмалаған. Дегенмен, ресейлік мамандар бұл айыптарды жоққа шығарып, Лозаннадағы спорттық арбитраждық сотқа жүгінетіндігін мәлімдеді.
Бұл өкінішті жаңалық. Маған егжей-тегжейлі түсінік беру қиын. Тек шешімнің ешқандай ақылға симайтынын ғана айта аламын. Қазіргі кезде алдағы қадамдарды ғана ойлауымыз керек. Неліктен мемлекетті жазалайды? Кім допинг қолданды соны ғана жазалау керек емес пе?, - дейді Умар Кремлев.
Оның айтуынша, бокс құрамасының Олимпиада ойындарының Ресей туы мен гимнсіз баруға құлқы жоқ.
Олимпиада ойындарына бару керек. Мен командамен сөйлестім, олардың тусыз, гимнсіз барғылары келмейді. Әлі де талқылаймыз. Бұған дейін де айтқанмын, ең бастысы - ту мен гимн. Дегенмен, көпшілікке ол спортшылардың қайдан келгені түсінікті ғой. Сондықтан бұл жағдайда барлығы өздеріне байланысты, - дейді Ресей бокс федерациясының бас хатшысы.