Қазақстан ерлер құрамасының капитаны Айбек Оралбай Ливерпульде өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатының финалына жолдама алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
90 келіден жоғары салмақта өнер көрсететін отандасымыз жартылай финалда аты аңызға айналған қарсыласын – Кубаның екі дүркін Олимпиада чемпионы Хулио Сезар Ла Крусты тізе бүктірді.
Кездесу басынан бастап Айбек қарсыласын қыспаққа алып, бірінші раундта-ақ сенімді басымдыққа қол жеткізді. Екінші және үшінші кезеңдерде де басымдығын сақтап, жекпе-жекті толық бақылауда ұстады.
Нәтижесінде қазақстандық боксшы төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіске жетіп, әлем біріншілігінің финалына шықты.

Қазақстандық бұрымды боксшы Аида Әбікеева де әлем біріншілігінің ақтық сынына жолдама алды.
Отандасымыз 65 келіге дейінгі салмақтың жартылай финалында сәтті өнер көрсетті. Аида Әбікеева бұл кезеңде Мэрри Уолшпен (Ирландия) кездесті.
Алғашқы раунд ирландиялық боксшының пайдасына аяқталды. Дегенмен жерлесіміз екінші және үшінші үшминуттықта тізгінді қолына алып, жеңіске жетті.