Қазақстандық боксшы Абылайхан Жүсіпов Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) ұйымдастырған 2025 жылғы әлем чемпионатында финалдық жекпе-жек өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ Sports.kz-ке сілтеме жасап.
71 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі финалда Жүсіпов ресейлік Сергей Колденковпен жұдырықтасты. Жекпе-жек қазақстандық спортшының пайдасына төрешілердің бөлінген шешімімен аяқталды.
Осылайша, Абылайхан Жүсіпов әлем чемпионы атанып, Қазақстан құрамасының қоржынына турнирдегі үшінші алтын жүлдені салды. Ал Сергей Колденков жарысты күміс жүлдемен түйіндеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасынан Сәкен Бибосынов (54 келі) пен Оразбек Асылқұлов (57 келі) алтын медаль жеңіп алған болатын. Сондай-ақ Сабыржан Аққалықов (75 келі) күміс жүлдеге ие болды.