Боксшыларымыз сәтсіз өнер көрсетті – Бақтияр Артаев

13 Тамыз 2021, 18:48
4143
Бөлісу:
Боксшыларымыз сәтсіз өнер көрсетті – Бақтияр Артаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында бокстан ел құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы Бақтияр Артаев айтты. Қазақстан бокс федерациясының бапкерлік мәселелер жөніндегі вице-президенті қателіктермен жұмыс істейтін уақыт келгендігін алға тартты.

Сондай-ақ боксшы әр нәрсені өз атымен атау керек деп отыр.

Спортшыларымыздың көрсеткен ойынын сәтсіз деп атаған орынды шығар, ал нәтиженің төмен болғандығын мойындауымыз керек. Қазақстанда бәрі уайымдап, боксты талқылауда. Бұл жерде ешкім ақталып отырған жоқ. Жігіттер жеңіс үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасады. Біз құраманың бас бапкеріне сендік. Мұны өзім сүттен ақ, судан таза болып, барлық жауапкершілікті бас бапкерге итере салу үшін айтып отырған жоқпын. Дайындық барысында үлкен жұмыс жасалды, боксшылар бірнеше старттарға, оқу-жаттығу жиындарына қатысты, - деді Бақтияр Артаев.

Оның айтуынша, енді алда Сербиядағы әлем чемпионатында лайықты өнер көрсетіп, жоғары көрсеткіштерді бағындыру міндеті тұр.

Дайындық бойынша мәселелер бар. Біз КСРО кезінде қолданған әдістемелерден әлі бас тарта алмай жатырмыз, - деп атап өтті мемлекеттік жаттықтырушы.

Сонымен қатар күніне үш мәрте жаттығу боксшыларға қиынға түсетін көрінеді. Жаттығу процесіне өзгерістер енгізу қажет болуы да мүмкін дейді.

Боксшылардың тамақтану рационын да өзгертуіміз мүмкін. Жұмыстар жүргізілуде. Иә, нәтиже төмен. Алда тұрған әлем чемпионатында елімізді жеңіспен қуанту үшін дұрыс қорытынды жасаймыз деп үміттенемін, - деді боксшы.
Өзгелердің жаңалығы