Боксшы Бейбіт Шүменовке қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

Бүгiн, 11:29
346
Бөлісу:
Боксшы Бейбіт Шүменовке қатысты қылмыстық іс тоқтатылды
Фото: instagram.com/beibutshumenov

Боксшы Бейбіт Шүменовке қатысты қылмыстық іс бойынша жаңа дерек шықты, деп хабарлады BAQ.KZ.

Астана қаласы Есіл ауданының полиция бөлімі аталған азаматқа қатысты "бұзақылық" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізді. Қазіргі уақытта бұл тұлғаға қатысты қылмыстық іс пен қылмыстық қудалау тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды", - делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік өлімге әкеп соқпаған қылмыстық құқық бұзушылық және ауыр емес немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адам тараптар татуласса, қылмыстық жауаптылықтан босатылатынын атап өтті.

Еске салсақ, маусым айында Астанадағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде төбелес болды. Белгілі болғандай, белгілі спортшы Бейбіт Шүменов бала көтерген ер адамды соққыға жыққан. 

Оқиға 18 маусымда болса да, дүйім жұртқа шілдеде белгілі болды. Аталған жайтқа қатысты Ішкі істер вице-министрі Қайрат Сүнтаев пікір білдіріп, бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Кейіннен Шүменовтің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында істің мән-жайын баяндап берді. Бейбіт Шүменовке қатысты сыннан кейін оның әйелі АҚШ елшілігіне жүгінген.

Бұдан бөлек зардап шеккен адам қырғызстандық болғандықтан, аталған іске қырғыз тарапы да араласқан болатын.

Салдарынан Шүменовке халықаралық іздеу жарияланғаны анықталды.

1 тамызда белгілі боксшы Бейбіт Шүменовтің ісіне қатысы бар полицейлер қызметінен босатылды.

Өзгелердің жаңалығы