Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 21 мамыр күні Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында бокстан Азия чемпионаты басталады. Аталған сынға Қазақстан командасы да қатысаты.
Бас бапкер Ғалымбек Кенжебаев құрлық додасына баратын боксшылар қалай таңдалғанын айтты деп жазады Olympic.kz.
Бұл додаға Олимпиадаға қатысатын боксшыларды түгел алып бара жатырмыз. Өйткені, Азия чемпионаты Токио қарсаңындағы ең маңызды дайындық кезеңдерінің бірі саналады. Олимпиадада бақ сынайтын жігіттерді тағы да бір сынап алмақпыз. Сондай-ақ, Азия чемпионаты он салмақ дәрежесінде өтетіндіктен, 57 келідегі Серік Теміржановты 60 келіге ауыстырдық. 52 келідегі Сабырхан Махмұд 56 келіде жұдырықтасады. 49 келіде еліміздің ең жас чемпиондарының бірі болған Даниял Сәбитті сынға қостық. Олимпиадашыларға толық мүмкіндік бердік. Енді осы құраммен Дубай шаршы алаңында сынға түсетін боламыз. Тағы да қайталап айтамын, бұл дода олимпиадашылардың деңгейін анықтауға мүмкіндік береді, - дейді бас бапкер Ғалымбек Кенжебаев.