Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазіргі уақытта ТМД елдерінің сейсмикаға төзімді құрылысы бойынша Базалық ұйымның (СҚБҰ) жұмысы шеңберінде темірбетон көлемді модульдер мен олардан жасалған ғимараттардың фрагменттерін сынауға арналған эксперименталдық полигон құрылысын дайындау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
2019 жылы СҚБҰ мәртебесі берілген Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты («ҚазҚСҒЗИ» АҚ) «Интегра. Тех» ЖШҚ (Краснодар қ.) ресейлік әріптестерімен бірге Нұр-Сұлтандағы көлемді блоктарды эксперименттік зерттеулер сериясын аяқтады.
Өнімнің тірек қабілетін тексеру және BI Group холдингінің «ModeX Astana» технологиясы бойынша жаңа буындағы эксперименттік тұрғын үй құрылысын ғылыми-техникалық сүйемелдеу жүзеге асырылды.
Көлемді модульдерді пайдалану арқылы құрылыс салу Қазақстанда құрылыс мерзімдерінің қысқаруы есебінен үлкен танымалдылыққа ие болуда.
ҚазҚСҒЗИ институты өткен ғасырдың ортасынан бастап даму тарихы мен әртүрлі қабатты ғимараттар мен әртүрлі конструктивтік жүйелер үшін көлемді модульдерді қолданудың әлемдік тәжірибесін зерделеу бойынша ауқымды талдамалық жұмыс жүргізді.
ТМД елдерінде жинақталған білім мен шетелдік инновациялық әзірлемелер Қазақстанда ModeX Astana зауытын салу кезінде қолданылды.
Осы жұмыстың аясында Нұр-Сұлтанда құрылыстағы Еуропалық стандарттардың (Еурокодтардың) талаптарын ескере отырып, конструкциялардың статикалық тік жүктемесіне сынаулар жүргізілді. Сонымен қатар, болашақта сейсмикаға төзімділік зерттеулері Алматы қаласында да жалғасады деген шешім қабылданды, - деді «ҚазҚСҒЗИ»АҚ Бас директоры Бегман Кульбаев.
ҚазҚСҒЗИ басшысы осы мақсатта эксперименттік стенд салу үшін алаң таңдау бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын түсіндірді. Көлемді блоктардан жасалған конструкциялардың сейсмикаға төзімділік көрсеткіштерін анықтау үшін табиғи вибродинамикалық сынаулар жүргізу қажет. Қазіргі уақытта ҚазҚСҒЗИ мамандарымен әртүрлі қабатты және әртүрлі сейсмикалық әсерлері бар ғимараттар үшін математикалық соңғы элементті үлгілерге талдау жүргізіліп жатыр. Осыдан кейін осы зерттеуге қажетті бағдарлама мен жабдық таңдалатын болады.
Алматыда зауыт салу мүмкіндігі туралы түпкілікті шешім эксперименттік зерттеулер сериясының қорытындысы бойынша қабылданады. Алматы – Қазақстанның басты мегаполистерінің бірі, модульді үй құрылысы осы қалада сұранысқа ие болатынына сенімдіміз, - деп санайды «Интегра. Тех» ЖШҚ бас директоры Илья Тешев.