Халық "блок-бекеттерді қайта қойыңдар" деп жатыр – әкімдік

21 Маусым 2020, 15:22
7930
Бөлісу:
Халық "блок-бекеттерді қайта қойыңдар" деп жатыр – әкімдік

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұған дейін халық "сауда орталықтарын неге ашпайды" деп наразылық танытса, енді "бұл мекемелерді неге жаппайды", "блок-бекеттерді қойыңдар" деген мәселені көтеріп жатыр.

Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Нұржауған Қалауов онлайн брифинг барысында айтты.

21 маусымдағы жағдай бойынша Ақтөбе облысында вирус жұқтырған 610 жағдай тіркелген. Соңғы тәулікте 20 науқас анықталған. Осы күнге дейін 314 науқас жазылып шыққан. 

Әкім орынбасары соңғы кезде вирустың таралуы көбейіп, жағдай күрделене түскенін айтты.

Вирустың кеңінен таралуына жол ашқан басты себеп - карантиндік шараларды жеңілдету болды. Көптеген мекеме жұмысын қайта бастап кетті. Темір жол, автобус және әуе қатынастары жұмысы іске қосылды. Қазіргі таңда күніне 3 500-дей адам пойыз арқылы, 500-600 адам әуе қатынасымен қозғалуда және шекарадан күніне 300-дей адам өтеді. Мұның бәрі эпидемиологиялық жағдайға әсер етеді, - дейді ол. 

Одан бөлек, науқастармен байланыста болған адамдарды тестіден өткізу кезінде симптомсыз науқастар анықталуда екен. Сондай-ақ, санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың сақталмауы да вирустың таралуына әсер еткен.

 Бұған дейін халық "сауда орталықтарын неге ашпайды" деп наразылық танытса, енді "бұл мекемелерді неге жаппайды", "блок-бекеттерді қойыңдар" деген мәселені көтеріп жатыр. Көпшілік өз жақындарының денсаулығына қауіп төнген соң ғана сақтық шараларына көңіл бөлуде. Осы уақытқа дейін жауапсыздық танытқанның арты қазіргі жағдайға әкеп отырғаны өкінішті, - дейді Қалауов. 

610 симптомы бар науқастың 12% сырттан келгендер екен, 40% дәрігерге өздігінен жүгінгендер, қалғандары жоспарлы тексеру кезінде анықталған. 
Қазіргі күрделі жағдайға байланысты Ақтөбе қаласында және бірнеше ауданда шектеу шаралары енгізілген.

Өзгелердің жаңалығы