Блок-бекеттегі полицейлер өлімі: Үш адам жұмыстан шығарылды

27 Мамыр 2020, 10:10
2482
Бөлісу:
Блок-бекеттегі полицейлер өлімі: Үш адам жұмыстан шығарылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ІІМ 25 мамырда Алматы облысындағы блок-бекеттеорын алған қайғылы оқиғаның себеп-салдарын анықтады. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Оқиға салдарынан екі полиция қызметкері қаза тапқан болатын. Жол-көлік оқиғасының себебі – жеке құрам арасында алдын алу жұмыстарында орын алған олқылықтар және құқық бұзушылық пен тәртіптік теріс қылық жасаған қызметкерлерге қатысты дер кезінде тиісті шаралар қолданылмауы. Сонымен қатар, БАҚ-қа ақпаратты бұрмалап ұсыну фактілеріне баға берілді, - делінген хабарламада.
Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен басшылық буындағы 9 қызметкерге қатысты тәртіптік жазалау шаралары қабылданды.

- Алматы қаласы ПД Патрульдік полиция полкі командирінің орынбасары полиция подполковнигі Қ.Е. Сатаев,

- Алматы қаласы ПД Кадр саясаты басқармасының бастығы полиция полковнигі О.С. Мырзабеков,

- Алматы қаласы ПД Жеке құрам бойынша инспекция бастығы полиция подполковнигі А.О. Ақылбеков атқарып жүрген лауазымдарынан босатылды.

- Алматы қаласы ПД Жергілікті полиция қызметінің бастығы полиция полковнигі М.А. Саттаровқа (бұрын полк командирі қызметін атқарған),

- Алматы қаласы Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы полиция подполковнигі С.О. Көкірекбаевқа,

- Алматы қаласы ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі А.А. Нашарбековке қызметіне толық сәйкес еместігі ескертілді.

- Алматы қаласы ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Н.С. Алмасбековке,

Алматы қаласы ПД-нің бөлім бастығы полиция подполковнигі С.К. Әзірбекке қатаң сөгіс жарияланды.

Алматы қаласы ПД-нің бастығы полиция генерал-майоры Қ.Д. Таймерденовке сеніп тапсырылған бөлімшенің қызметін ұйымдастырудағы кемшіліктері үшін қатаң сөгіс жарияланды.

Әрбір басшы өзінің қарамағындағыларға жауапты. Ол жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты сақтауды қамтамасыз етеді. Бұл жұмыс Алматы қаласының Полиция департаментінде тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған. Салдарынан біз бірден екі қызметкерден айырылып қалдық, бір қызметкер ауыр дене жарақатын алды. Барлығымыз үшін, әсіресе, туған-туысқандарымыз үшін бұл – үлкен қайғы-қасірет және орны толмас қаза. Сондықтан бұл төтенше жағдайға жол берген басшыларға тиісті шаралар қабылданды. ІІМ басшылығы алдағы уақытта да қызметтік тәртіпті сақтауды қатаң талап етіп, полиция қызметкерлерінің кез келген тәртіп бұзушылығына принципті баға беріп, жаңа жағдайда жұмы істегісі келмейтін немесе жұмыс істей алмайтын адамдардан өз қатарын тазалайтын болады, - деп атап өтті Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Өзгелердің жаңалығы