Алматы, BAQ.KZ. Алматы облысы Қарасай ауданындағы блок-бекетте болған апатқа қатысты сот жалғасып жатыр.
Бүгін сот залына апат кезінде зардап шеккен 26 жастағы полиция капитаны Ербұлан Сейдазым келіп, жауап берді.
Сұрау кезінде ол сотталушыны танымайтынын айтты. 24 мамыр күні кешкі сағат 20.00-де ол постта жұмысқа кіріскен. Қайғылы оқиға таңғы сағат 5 шамасында болған. Ол осы постқа басты адам ретінде тағайындалған және қозғалысты реттеп тұрған. Көлік бетонға соғылғанда Е. Сейдазым жол бойында планшетпен өтіп жатқан көліктерді базадан тексеріп тұрған.
Бұл постта 12 полиция қызметкері болды. Әр 20 минут сайын оларды тексеріп тұруым керек болды. Апат таңғы сағат бестер шамасында болды. Қараңғы болды, көліктер де жинала бастаған. Мен палаткадан планшетті алып оны әріптесіме беруім керек болды. Осы сәтте сол жақ бетте шамын жағып өте қатты жылдамдықпен келе жатқан көлікті көрдім. Бетон қоршаулары тұрғандықтан ол тоқтайтын шығар деп ойладым. Ары қарай ештеңе есімде жоқ. Бір апта өткен соң 2 маусымда ауруханада есімді жидым. Сол кезде ғана не болғанын білдім, - дейді Ербұлан Сейдазым.
Полиция қызметкері қазір ем қабылдап жатыр, сондықтан жалақыны толықтай алмайды. Келтірілген моралдық шығынға қатысты ол ойланатынын айтты. Оның отбасы бар, қыз баланы тәрбиелеп отыр.