Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Блогер Жанабыловтың жұбайы сотта өз құқығының бұзылғанын мәлімдеді

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
15 Қыркүйек 2025, 14:09
820
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Астанада блогер Ерболат Жанабыловтың жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты әкімшілік іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оған “оператор болып табылмайтын адамның лотерея ұйымдастыруы” бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық айыбы тағылып отыр.

Сотта сөйлеген сөзінде Эльмира Төлегенова өз құқықтарының бұзылғанын жеткізді.

Мені хаттамамен таныстырмады. Хаттама 2-ші күні жасалып, бірден сотқа жіберілген. Тек содан кейін маған WhatsApp арқылы электронды хабарлама келді, – деді блогер.

Эльмира Төлегенованың айтуынша, ұтыс ойыны оның жеке парақшасында емес, “Zhana Business” ЖШС-нің сайтында, яғни оқу курстарын сатып алуға арналған ресми платформада жүргізілген.

Блогердің сөзінше, олар оқу курстарын әзірлеумен айналысқан. Бұл үшін видеосабақ жазатын спикерлер тартылып, жеке тұлғалар және кәсіпкерлермен ақпараттық қызмет пен қолдау көрсетуге арналған келісімшарттар жасалған. Қызметкерлер қатарында спикерлерден бөлек бухгалтер мен сайтты әзірлеу және қолдаумен айналысатын маман болған.

Мен ЖШС-нің құрылтайшысы ретінде курстардың өткізілу барысын жариялауға құқығым бар, – деді Төлегенова.

Оқу курстарын сатуды ынталандыру үшін тыңдаушыларға қосымша бонус ұсынылған.

Блогердің айтуынша, жарияланымдар оның жеке парақшасында шыққанымен, барлық сілтеме ресми сайтқа апарған. Онда курстарға қатысты толық ақпарат пен қатысу шарттары көрсетілген. Сайтқа кірген пайдаланушылар жеке деректерін өңдеуге келісімін беріп, өз құқықтары мен міндеттерімен танысқанын растаған.

Бұған дейін Астанада Жанабыловтың жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты әкімшілік сот жалғасып жатқаны хабарланған еді.

Еске салсақ, Адвокат бүгінгі талқылауда екі түрлі хаттама қаралатынын айтқан болатын. Блогер Жанабылов Астанада сотта қашан жауап беретіні айтылды және оның сотта неге қобалжығаны белгілі болды.

Өзгелердің жаңалығы