Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2010 жылы "Бизнестің жол картасы-2020 мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды. Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаттары – өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты әрі теңгерілімді өсімін қамтамасыз ету, қазіргі және жаңадан құрылатын жұмыс орындарына қолдау көрсету. Бағдарлама аясында шағын және орта бизнес айтарлықтай қолдау тапты. Мемлекеттік бағдарламаның кешегісі мен бүгініне шолу жасауға тырыстық. 2018 жылдың 5 қазанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты Жолдауында "Бизнестің жол картасы" бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту қажетін айтады.
Біз 2010 жылдың өзінде "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасын іске қостық. Бағдарламаның қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керек. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 млрд теңге бөлуді қарастыру қажет. Бұл 3 жыл ішінде қосымша кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 млрд теңге салық түсіруге және 3 трлн теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді, - деген еді Елбасы.
"Бизнестің жол картасы" бағдарламасы іске қосылғаннан кейінгі жылдар хронологиясы бойынша нәтижелерді назарларыңызға ұсынамыз.
2013 жылғы нәтижелер бойынша
Бағдарлама жүзеге асырыла бастаған үш жыл ішінде 136 мың жұмыс орны сақталып, 31 мың жаңа жұмыс орны құрылды.
Халықтың бизнес-белсенділігі артып келеді. "Даму" қорының жобасында "БЖК-2020" төртінші бағыты – қаржылық емес бағдарламалар айрықша орын алады. "Бизнестің жол картасы" өзінің бағдарламалық әрекеттерінде кәсіпкерлік әлеуетті күшейтуге, яғни, отандық бизнесмендердің құзыреттілігі мен сауаттылығын арттыруға айырықша маңыз береді.
Моноқалаларды қолдау аясында 12 Кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығы ашылған.
"Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасын жүзеге асыру барысында 2013 жылға дейін төленген субсидиялардың жалпы көлемі 24, 6 миллиард теңгені құрады.
Бірінші және үшінші бағыттар бойынша несие қоржынының жалпы сомасы 479,177 миллиард теңге болатын барлығы 2319 жоба мақұлданған, оның ішінде, бірінші "Жаңа бизнес-бастамаларды қолдау" бағыты бойынша - 2136 жоба, кепілдендіру бойынша 130 жоба, үшінші "Кәсіпкерлердің валюталық тәуекелін азайту" бағыты бойынша 183 жоба мақұлданған.
Несие қоржынының жалпы сомасы 329,137 миллиард теңге болатын 1891 жобаны субсидиялауға келісімшарт жасалған. Оның ішінде бірінші бағыт бойынша 1739 жобаға, үшінші бағыт бойынша 152 жобаға қол қойылған.
Кепілдендіру бойынша несие қоржынының жалпы сомасы 15,739 миллиард теңге болатын 105 жобаға қол қойылған. Екінші бағыт – "Кәсіпкерлік секторды сауықтыру" бойынша несие қоржыны 175,517 миллиард теңге болатын 223 жобаны мақұлданған. Субсидиялау бойынша қол қойылған келісімшарттардың ішінде екінші бағыт бойынша жалпы несие қоржыны 144,07 млрд теңге болатын 176 жоба болды.
2016 жылғы нәтижелер бойынша
"БЖК-2020" бағдарламасын іске асырудың алты жылы ішінде қатысушылар 1,6 млрд АҚШ доллары - 534 млрд теңге сомасына салық төлеп, 17,4 млрд АҚШ доллары - 5,8 трлн теңге сомасына өнімнің жиынтық көлемін қамтамасыз етеді.
300 мыңнан астам жұмыс орнын сақталып, ашылды.
Төленген салық көлемі төленген субсидия көлемінен төрт есе асады, бұл мемлекеттік бюджетке қаражат қайтарымының жоғары коэффициентін растайды.
2016 жылы бағдарлама қорытындылары бойынша 155 млрд теңгеге жуық салық түсті.
2017 жылғы нәтижелер бойынша
2017 жылы "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 52 млрд теңге бөлу қарастырылады. Оның 30 млрд теңгесі ортақ трансферт арқылы келеді.
"БЖК" жүзеге асыру кезеңінде қатысушылар 583 млрд теңге салық төлеген, 8,5 трлн теңгенің өнімі шығарылып, 337 мың жұмыс орны ашылды.
2017 жылдың 10 наурызына дейін 9060 кәсіпкер сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау нәтижесінде өз жобаларының қаржыландыруын жақсартады.
Жеңілдетілген несие құны – 1,7 трлн теңге, 146 млрд теңге субсидия берілді.
2642 кәсіпкер 93 млрд теңгенің несиесін алды. Кепілдіктің ортақ көлемі – 40 млрд теңге болады.
2019 жылғы нәтижелер бойынша
Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов бағдарлама іске асыру 13 мың ШОБ субъектісін қаржыландыруға, орта есеппен жылына 20 мың кәсіпкерді оқытуға, 10 мың жұмыс орнын құруға, 3,3 трлн теңге сомасына өнім шығаруға мүмкіндік бергенін айтады. Төленген салықтар сомасы жыл сайын 175 млрд теңгені құрады.
Бағдарлама аясында 13 380 жобаға қолдау көрсетілді.
Бөлінген қаражаттың басым бөлігі несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға бағытталды. 53 млрд теңгесі немесе 25,2% фабрикаларға, зауыттарға және ШОБ өндірістік нысандарына жеткіліксіз инфрақұрылымды жүргізуге бағытталды. Қалған бөлігі несиелерді кепілдендіруге, гранттар ұсынуға, кәсіпкерлерді оқытуға және оларға кеңес беру қызметтеріне жұмсалды. Бағдарлама тетіктерін сұраныс өте жоғары, - деді Е.Алпысов.Жалпы, шаралар нәтижесінде ШОБ-тың экономикадағы маңызы артты. Мәселен, 2015 жылы ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 24,9% құраса, 2018 жылдың қорытындысы бойынша 28,3% болды. 2015 жылмен салыстырғанда, шағын және орта кәсіпкерлердің ел экономикасына қатысуы 3,4 пайыздық пунктке жоғарлады.
2019 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметтерге сәйкес, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1,2 млн бірлікті құрады. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 8,3%-ға артты.
"Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасының маңызды бағыты - кәсіпкерлік әлеуетті нығайту. Бұл бағыт бизнес жүргізу негіздеріне оқыту бойынша жобалар кешенін, шағын және орта бизнес құзыреттерін көтеруді, әлеуетті және өз ісін бастаған кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін консультациялық кеңес беруді қамтиды. Кеңес беру кезінде бизнес-жоспарды қалай әзірлеу, салықтарды қалай төлеу, декларацияны қалай тапсыру, банктерге қалай жүгініп, лицензияны қалай тапсыру т.б. керектігі түсіндіріледі, - деген еді Е.Алпысов.
Осылайша, жыл сайын 20 мыңға жуық кәсіпкер оқытылып, құзыреттері арттырылатын болады, орта есеппен алғанда 154 мың кәсіпкер жыл сайын консультациялық (110 мың) және сервистік (44 мың) қызметтер алатын болады.
Биылғы жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша 6 135 тыңдаушы бизнес-мектептерде кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытудан өтті. Кәсіпкерлерді қолдау орталықтарында бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары бойынша 19,5 мың клинетке 36 мыңнан астам кеңес берілді, 7 мың кәсіпкерге 8 мыңға жуық сервистік қызмет көрсетілді, - деді ол.
"Бизнестің жол картасы - 2020" сәтті жобалары
"Бал Текстиль" ЖШС Түркістан облысында кілем шығарады. Компания заманға сай жабдықтарды сатып алу үшін 250 млн теңге қарыз алған болатын.
Кәсіпорын кілемнің 500-ден астам түрін шығарып, IKEA әлемдік танымал сауда маркасына алғашқы қазақстандық өнімді жеткізіп отырған кәсіпорын атанды.
"Біләл" компаниясы Түркістан облысында ұнтақталған кофе өндіріп отыр. Өндірістің толық циклі үшін жабдықтар сатып алуға қолдау алады. Қарыз сомасы - 30 млн теңге. Бұл өндіруші отандық нарықтағы импорттық өнімдерді төмен бағамен алмастырып отыр.
Шығыс Қазақстан облысында "Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты" секілді мұнай кәсібі және бұрғылау геологиялық барлау саласындағы ірі компаниялардың бірі қолдау тапты.
Қарыз сомасы - 1,2 млрд теңге еді. Алматы облысында "Асыл құс Агро" компаниясы құс фабрикасын салуға және жабдықтар сатып алуға 1,3 млрд теңге несие алды. Нысанда 170 жұмыс орны ашылды.
Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында 174 мың бизнесмен тегін қызметтерді пайдаланды, оның ішінде 19 мың кәсіпкер қызметтерді онлайн алды.
2015 жылмен салыстырғанда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 400 мыңға ұлғайып, 1,3 млн құрады. Сондай-ақ, ШОБ жұмыспен қамтылғандардың саны 300 мыңға өсіп, 3,3 млн адамды құрады, — дейді ҚР Ұлттық экономика министрі.
Бағдарлама бизнесті дамытуға мүмкіндік береді. Бағдарлама қатысушылары 7,1%-бен несие ала алады. Несиенің максималды қолжетімді сомасы — 2,5 млрд теңге. 60 млн теңгеге дейін кепілдік беріледі, сонымен қатар, 3 млн теңгеге дейін өтеусіз грант ұсынылады.
Азаматтарды бизнес негіздеріне оқыту шаралары қарастырылған. Бағдарлама шеңберінде консультациялар алуға болады. Бұдан өзге, оқыту мен тағылымдамадан өту қарастырылған.
Бағдарламаның осы екінші бесжылдығын іске асыру жылдарында 120 мыңға жуық кәсіпкер мемлекеттік қолдау алды. 9 мыңнан астам кәсіпкердің несиелері субсидияланды, 5 мыңнан астам кәсіпкерге кепілдік ұсынылды және 100 мыңнан астам азамат бизнесті жүргізу бойынша және кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды, 2 мыңға жуық грант берілді, 165 жобаға инфрақұрылым жүргізіледі.
"Бизнестің жол картасы – 2020" шаралары осы жылы аяқталады. Сондықтан бағдарламаның жаңа жобасы әзірленді.
Айналым қаражатын несиелеу көлемі 60-тан 360 млн теңгеге дейін ұлғаяды.
"Бизнестің жол картасы – 2025" бағдарламасында нысаналы индикаторлар көзделген. Олар еліміздің 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына сәйкес келеді. Жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін кем дегенде 35%-ға, өңдеуші өнеркәсіптің үлесін кемінде 13,4%-ға жеткізу көзделген, — деді ҚР Ұлттық экономика министрі.2015 жылдан бастап 2019 жылдың І тоқсанына дейін 97 147 кәсіпкер бюджетке 811 млрд теңге көлемінде салық төлеген.
Елбасы Н. Назарбаевтың айтуынша, мықты бизнес – экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды факторларының бірі. Осы жылдың мамыр айында Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысында ШОБ-тың рөлін күшейту және оның ел экономикасындағы үлесін 2025 жылға қарай кем дегенде 35%-ға жеткізу міндетін қойды. 2050 жылы біз 50% көрсеткішке жетуіміз керек. Аталған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр, соның ішінде заңнамаға өзгерістер енгізілуде, — деді А. Мамин.2010 жылдан бастап БЖК-ны іске асырудың нәтижесінде 342 мыңнан астам жұмыс орны сақталып, 94 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Шағын және орта бизнестің еліміздің ЖІӨ-дегі үлесі 2015 жылғы 24,9%-дан 2018 жылы 28,4%-ға дейін өсті.
ШОБ өнімдерінің көлемі 10 трлн теңгеге 13,3-тен 23,4 трлн теңгеге дейін өсті. Субъектілердің саны 400 мыңнан астамға 900 мыңнан 1,3 млн-ға дейін өсті. Биыл Қазақстан Дүниежүзілік банктің "Doing Business" бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингінде 28 орыннан 25 орынға көтерілді.
2015 жылдан бастап Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға 282 млрд теңге бөлінді, жаңа "Бизнестің жол картасы – 2025" бағдарламасы аясында бір жарым есе көп қаражат – 421 млрд теңге қарастырылған.
2020 жыл
"Бизнестің жол картасы-2025" және "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламалары бойынша кәсіпкерлер үшін қарыз қаражатының соңғы құны қазір енді 6%-ті құрайды.
"Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы бойынша несие көлемі 7 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Субсидиялау мерзімі 5 жылды құрайды.
Кепілдік беру құралы жақсартылды. "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы бойынша кепілдіктер қарыз сомасының 85%-тін құрауы мүмкін. "Қарапайым заттар экономикасы" бойынша кепілдік несие сомасының 50%-тің құрайды.
"Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы аясында салалық шектеулер алынып тасталды. Бұл шағын және орта бизнеске қызмет түріне қарамастан бағдарламаға қатысушы болуға және жеңілдетілген қаржы алуға мүмкіндік береді.
"Бизнестің жол картасы 2025" бағдарламасы шеңберінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа бағыт іске қосылады. Бұл микро және шағын кәсіпкерлікті микрокредиттеу.
Бизнестің осы санаты үшін субсидиялау есебінен кредиттер 6% мөлшерлеме бойынша қолжетімді болады.
Кредиттер айналым қаражатты толықтыруға 5 млн теңгеге дейін, өндірістік қажеттіліктерге – 20 млн теңгеге дейін берілетін болады. Қызмет түрлері бойынша шектеулер болмайды.
Сонымен қатар, мемлекет кредит мөлшерінің 85%-не дейін кепілдік беруді қамтамасыз етеді. Кредиттерді коммерциялық банктер мен микроқаржылық ұйымдар береді.
Субсидиялау және кредиттерді кепілдендіру рәсімдері барынша жеңілдетіледі.