Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы өткен онлайн брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.
Министр грантты беру талаптары да қатаңдатылғанын айтты.
Биылғы жылы ең бірінші рет 36 университет (министр – рейтинг бойынша тиісті талаптарға сәйкес келмейтін) мемлекеттік гранттарды алған жоқ. Бұл жұмыс да алғаш рет енгізілді. Магистранттар бойынша да сұрақтар бар. Олардың емтихандарын бұрын университеттердің өзі өткізетін еді. Дегенмен ашықтық, әділдік болуы үшін қазіргі күні орталықтан өткізіп отырмыз. Мұның барлығы бизнеспен айналысып отырған азаматтарға қатты ұнамайды. Десек те осы тапсырмалардың шеңберінде жұмысты әрі қарай жалғастыра береміз, - деп жеткізді министр.
Сонымен қатар, Асхат Аймағамбетов ҰБТ тақырыбына да тоқталды.
ҰБТ бойынша да екі сөз айта кетейін. Пандемия жағдайында ҰБТ-ны ұйымдастырдық. 122 мың талапкер қатысты. Осы жылы адалдық қағидаларын сақтауға ерекше көңіл бөлдік. Мысалы, бұған дейін 117 мың талапкерден 128 мың рұқсат етілмейтін құрылғылар табылса, биылғы жылы 122 мың бала ҰБТ тапсырып, олардан тек 2,5 мың құрылғы табылды. Неге? Өйткені біз талаптарды қатайттық, - дейді ол.
Министрдің айтуынша, алдыңғы жылы 128 мың құрылғы табылғанның өзінде 24 талапкер ғана шығарылды. Ал биылғы жылы 2 500 құрылғы табылған 2 500 талапкердің нәтижелері жойылды.
Оқи отырыңыз: