Бизнес пен шенеунік арасындағы тікелей байланыс жойылады

30 Сәуір 2020, 12:17
1704
Бөлісу:
Бизнес пен шенеунік арасындағы тікелей байланыс жойылады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Жемқорлықты жоюдың бірден-бір жолы мемелкеттік қызмет түрлерін автоматтандыру екенін көріп отырмыз. Сондықтан бизнес пен шенеуніктер арасындағы тікелей байланысты барынша жоюға тырысамыз. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Стратегия және жедел басқару департаментінің басшысы Нұрлан Жақсымбетов брифинг барысында айтты.

Департамент басшысы қазір бизнес саласы бойынша сұраныстағы қызметтерді автоматтандыруға назар аударып жатқандарын айтып өтті.
 
Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік қызметтің 88% электронды форматта іске асырылып жатыр. Дегенмен бизнес үшін жемқорлық тәуекелдері қалған 12% болып отыр. Ол қызметтер нақты мемлекеттік органдармен іске асырылады және бәрі қағаз түрінде жасалады. Қағаз түрінде көрсетілетін қызметтерде жемқорлық басым. Олар жер қатынасы, сәулет, құрылыс және ауыл шаруашылығына қатысты салада жалғасып жатыр. Әсіресе ауыл шаруашылық тауарларын субсидиялау бөлімінде,-дейді Жақсымбетов. 

Сонымен қатар, ол кәсіпкерлерді әлекке салып отырған жағдай жер телімдеріне қатысты ашықтықтың, мәліметтерге қолжетімділіктің болмауы екенін айтты. 
Өндіріспен айналысатын кез-келген кәсіпкер үшін әсіресе логистика, жеткізу орнын алдын ала жоспарлау маңызды. Ол үшін рұқсат етілген жердің сипаттамасын білуі керек, өкінішке қарай ол әлі қолжетімсіз болып отыр. Мемлекет басшысының бірыңғай жер базасын құру жөнінде бірнеше қайтара айтқан тапсырмасына қарамастан бұл жағдай өзгеріссіз қалып отыр. Әкімдіктер де бұл мәселеге немқұрайлы қарауда. Өңірлерде құрылған геопортал инвесторлар үшін пайдасыз болып тұр. Осы бағытта біздің агенттік Ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірге тұрақты мониторинг жұмыстарын жалғастыра береді және жер қатынасы бойынша ашықтықты қамтамасыз етуде қолдан келгенін жасайды,-деді ол.

Сөз арасында ол, Табиғи монополияға қатысты кәсіпкерлерден көптеген арыз келіп түсіп жатқанын айтты. Арыздар әсіресе электр, су мен қамту бойынша келген.  
Бұл да кәсіпкерлер жиі тап болатын проблеманың бірі. Мұндай қызметтермен өзара ықпалдасып жұмыс істеуде жемқорлық та жоғары болады. Бұл жемқорлықты жоюдың бірден-бір жолы мемелкеттік қызмет түрлерін автоматтандыру екенін көріп отырмыз. Сондықтан бизнес пен шенеуніктер арасындағы тікелей байланысты барынша жоюға тырысамыз,-деді департамент басшысы.

Өзгелердің жаңалығы