Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық дәрігер Александр Шинкаренко коронавирусқа қарсы қайта вакцинациялау туралы пікірімен бөлісті.
Бұл туралы ол Instagram-дағы парақшасында жазды.
Соңғы кезде көптеген адам ревакцинация туралы айтып жүр. Сол себепті бұл мәселені анықтап алғым келді. Жақында АҚШ-та иммунитеті төмен адамдарды қайта вакцинациялап жатыр деген әңгіме тарады. Бірақ бұл жалған. Оларға екінші дозадан кейін 28 күннен соң үшінші дозасын салып жатыр. Бұл ревакцинация деп аталады. Ревакцинация жөнінде АҚШ-та да, Еуропа елдерінде де белсенді талқылаулар жүргізіліп жатыр. Америкадағы вакцинация қауіпсіздігін бақылайтын ұйым осы деректерді зерттеп жатыр, - дейді дәрігер.Оның сөзінше, Израильде вакцинация ерте басталды. Зерттеу барысында алты айдан кейін вирусқа қарсы иммунитет айтарлықтай төмендейтіні байқалды. Сол үшін қазір олар 60 жастан асқан адамдарды қайта вакцинациялап жатыр.⠀
ДДСҰ қайта вакцинациялау ұсынысына қатты қолдау білдіріп отырған жоқ. Олардың міндеті - барлық әлемге, соның ішінде кедей елдерге көмек көрсету. Бұл ретте егер бай елдерде ревакцинация басталып кетсе, кедей елдерге вакцина жетіспей қалады деген қауіп бар. Қазақстанда ревакцинация қазанда басталуы мүмкін деген ақпарат тарады. Дегенмен Денсаулық сақтау министрлігі ДДСҰ ұсынымына құлақ асқандықтан, бұл кейінге қалдырылуы мүмкін. Ең өкініштісі, Батыс елдерінің вакциналарына қатысты көптеген зерттеу жүргізіледі. Ал Спутникке келсек, оған қатысты ақпарат аз. Ақпарат легінен вакцина туралы мәлімет іздестіріп отыруға тура келеді, - деді ол.Александр Шинкаренконың айтуынша, кейбір ел вакциналарды араластыру арқылы тәжірибе жүргізіп жатқандарын айтты.
Испания мен Англияда тәжірибе жүргізіліп, вакциналарды араластырып көрген. Мәселен, Англияда бір топ адамға AstraZeneca салып, кейіннен Pfizer еккен. Ал басқа топқа алдымен Pfizer, сосын AstraZeneca салған екен. Ал үшінші топқа AstraZeneca-ның екі дозасын салған. Нәтижесінде бірінші топтағы адамдарда антиденелер мөлшері жоғары болды. Бірақ ең қызығы, бірінші және екінші топтағы адамдарда антидене мөлшері үшінші топқа қарағанда жоғарырақ болған. Бұл нені меңзейді? Алмастыру вакцинациясын жүргізуге болады. Әсіресе, егер вакцинаның бірінші компонентіндегі қандайда бір заттекке аллергиялық реакциясы болған кезде. Бұның кері тұсы да бар. Зерттеулерге сәйкес вакциналарды араластыру кезінде жанама әсерлер көп анықталған, - деп түсіндірді дәрігер.Шинкаренко жүкті әйелдерді КВИ-ге қарсы вакцинациялауға қатысты ойын айтты.
Батыс елдерінде жүкті әйелдерге вакцинаны қалыпты түрде сала береді. Оларда вакцинаның кері әсерлері білінбеген. Вакцинация баланы түсіріп алу қаупін жоғарылатпайды. Оларда вакцинация қалыпты өтеді. Бір жағымды тұсы, антидене іштегі балаға да беріледі, - дейді маман.Дәрігер біздің елдің азаматтарына қайта вакцинациялау қажет деп санайды. Себебі иммунизациядан кейін алты айдан соң вирусқа қарсы иммунитет төмендейді деген деректер пайда болып жатыр.
Еске салсақ, бүгін Үкіметте өткен баспасөз мәжілісі барысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елімізде коронавирусқа қарсы ревакцинация қашан басталатынын айтқан болатын.