АҚШ президенті Дональд Трамп украиналық әріптесі Владимир Зеленскийді сынға алып, онымен келісімге келу Ресей президенті Владимир Путинмен салыстырғанда қиынырақ екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Ақ үй басшысы NBC News телеарнасына телефон арқылы берген сұхбатында мәлімдеді.
Зеленскийдің келісімге келгісі келмейтініне таңғалып отырмын. Зеленскийге жеткізіңдер, ол келісімге келуі керек, өйткені Путин келісімге дайын. Зеленскиймен келісім жасау әлдеқайда қиын, - деді ол.
Телеарна Зеленский бұған дейін Таяу Шығыста америкалық күштер мен олардың одақтастарына ирандық дрондарды тосқауылдауға көмектесуді ұсынғанын еске салды. Ол Украина әскерінің ресейлік ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы күресте жинаған тәжірибесін пайдалануды ұсынған болатын.
Өз кезегінде Трамп Вашингтонға «көмек қажет емес» екенін айтты.
Бізге көмегі қажет соңғы адам – Зеленский, – деп қосты ол.
АҚШ президенті Киевтің дрондарды тосқауылдау технологиялары бойынша көмек ұсынуына Вашингтон келісім берген-бермегенін нақтылаған жоқ.
Ақ үй басшысынан сондай-ақ Мәскеу Тегеранға Таяу Шығыстағы америкалық күштердің орналасқан жері туралы барлау мәліметтерін беріп жатыр деген БАҚ-тағы хабарларға қатысты пікір білдіру сұралды.
Ресей ақпарат беріп жатқан шығар, бермей жатқан да шығар, – деп жауап берді ол.
Сонымен бірге президент АҚШ-тың да «осындай әрекет жасап жатқанын», яғни Украинаға аздаған мәлімет беріп, екі ел арасында бейбітшілік орнатуға тырысып отырғанын айтты.