Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жақын болашақта еліміздің демография, халықты орналастыру мәселесі өте өзекті болады, дейді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.
Қытай компартиясы азаматтарына «бір жанұяға 3 бала» деген тапсырма берді. Бұл тапсырманың артында төрткүл дүние үшін орасан зор экономикалық, саяси салдар тұр, - деп жазды ол.
Демография бойынша көрші Өзбекстан тұрақты өсіп келеді.
Бізге екі жақтан «демографиялық қысым» болады деген сөз. Екеуі де бізге ауыр тиері сөзсіз. Сондықтан Қазақстан демография, халықты біркелкі орналастыру, территорияларды кешенді дамыту мәселелері бойынша жүйелі жұмыс істеуі қажет, - деді Саиров.
Депутат Қазақстанда демографиялық өсім бар, дегенмен бұл өсімнің мөлшері көршілерімізден көшкеруен төмен болып тұр деген пікірде.
Біздің ірі (Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Ақтөбе, Өскемен) қалалар ауыл-аймақтың халқын өздеріне жылдам жиып алып жатыр. Әсіресе, шекаралық аймақтардың территориясы бос қалу қаупі бар. Шекаралық аймақтар, шығыстағы көршімізбен шекаралас аудандарды кешенді дамытудың философиясын ұсынып, іске асыру қажет. Ол жақта адам болмаса, мемлекет емес, жәй ғана территорияға айналу қаупі бар. Сырттан «алакөздену» жиілейді деген сөз, - деді Ерлан Саиров.
Ол шеттен қандастарды көшіріп әкелуді тездету керек дейді.
Шеттен өзіміздің қандастарымызды көшіріп әкелуді шапшаңдатып, әлеуметтендіруді тездету керек. Елімізде демографиялық өсімді қалыпқа келтірудің, сапалы демографиялық дамудың кешенді бағдарламасын іске асыру керек. Болашақта халықтың саны, территориялардың дамуы кәдімгі «қаруға» айналары һақ. Осыған бүгіннен дайындалу өте маңызды, - деп жазды ол.