Бұл туралы жаңадан құрылған "Байтақ" Жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай елордада өтіп жатқан партияның сайлау алдындағы съезінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, партияның әу баста құрылғандағы мақсаты — елдегі экологиялық проблемаларды көтеру.
Біз тек экологтардың басын біріктіріп қана қоймай, табиғаттың күйіне алаңдайтын адамдарды бір арнаға тоғыстырғымыз келді. Барлық өңірде өкілдіктерімізді құрдық. Арал, Семей мен елдің батысындағы экологияны ластайтын қалдықтар проблемасына басты назар аударамыз. Бізді блогерлердің «соляркасы» кофесүйгіш Respublica-мен (жаңадан құрылған саяси партия - ред.) шатастырудың қажеті жоқ, - деп атап өтті партия төрағасы.
Сондай-ақ ол экология мәселесіне тоқталды.
Ауамен бай да, кедей де тыныс алады. Бүгінде СО2 қалдықтары ауаны ластап, халықтың денсаулығын құртуда. Өмір сапасы да төмендеп барады. Атап айтқанда, Теміртау, Алматы, Өскемен қалалары мен Жамбыл және Атырау облыстары қатты зардап шегуде. Осы өңірлердегі 4 млн-нан астам адам аллергияға шалдыққан. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауаға шығарылатын СО2 қалдықтарын 2060 жылға дейін 0-ге дейін азайту туралы тапсырма берді. Осы мақсатқа жету үшін бұл мәселемен айналысуды бүгіннен бастап қолға алуымыз керек, - деді Азаматхан Әміртай.
Еске сала кетейік, елордада "Байтақ" Жасылдар партиясының сайлау алдындағы съезі өтіп жатыр.