Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 12 тамызда Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы мемлекеттік ұлттық табиғи саябағына қарасты Бақты орман шаруашылығының аумағынан өрт басталған болатын. Аса қатты өртті сөндіруге күшті жел кедергі болып отыр. Бұл туралы бүгін баспасөз мәжілісінде ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин айтты.
«Бізді алаңдатып отырған, Қарағанды облысының, Қарқаралы ауданындағы ұлттық парктегі өрт. Қазірдің өзінде ұлттық паркте 2,7 мың гектар аумақты өрт шарпыды. Өртті сөндіруге орман шаруашылығы комитеті, қорғаныс министрлігі, ішкі істер министрлігінің қызметкерлері жұмылдырылды. Өртті оқшаулап, сөндіру үшін қосымша тікұшақтар бердік», - дейді Юрий Ильин.Оның айтуынша, оқиға орнына 120 адам, 6 өрт сөндіру машинасы, 3 трактор және 2 тікұшақ, су шашатын құрылғысы бар І сыныпты бір тікұшақ (МИ-8), МИ-2 екінші тікұшағы тартылған.
Ауа райының аптап ыстық болуы еліміздің бірнеше аймағындағы өрт қаупінің болуына ықпал етіп отыр екен.
«Алматы облысының Панфилов ауданындағы және Алматы қаласының маңындағы Талғар, Қаскелең аудандарындағы өрт толықтай сөнідірілді. Дегенмен, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Ақмола облыстары әлі өрт қаупі жоғары аймақтар болып қала береді. Егер жаңбыр жауып жатса, дала өртін сөндіруге әсер етеді. Синоптиктер алдағы күндері Алматы мен елорданың маңайында жаңбыр жауады деп болжап отыр. Бұл жағдай өрт қаупін сейілтуге көмектесер еді», - дейді вице-министр.
Бұған дейін Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдәхмет Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи саябаққа қарасты Бақты орман шаруашылығының аумағындағы өртке қатысты ақпаратпен бөлісті.