Бізде ипотеканың пайызы өте жоғары – саясаттанушы

16 Қыркүйек 2021, 15:30
2200
Бөлісу:
Бізде ипотеканың пайызы өте жоғары – саясаттанушы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Президент бізге қарағанда көп нәрсеге қанық, сондықтан банктерге мемлекеттен ақша бөлуді доғаруды тапсырды. Бұл туралы саясаттанушы Самат Нұртаза «Желмая» жобасында айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жолғы халыққа Жолдауында мемлекет тарапынан Банктерге көмектесуді доғару керектігін айтқан еді. Саясаттанушы сұхбат барысында осыған қатысты ойын айтты.

Өзім магистратураны Ұлыбританияда оқыдым. Ол жақтағы Банктердің ұсынған өнімдерін, пайыздарын көріп таңқалдым. Осылар бізге неге келмейді деп ойлайтынмын. Естуімше олардың бізге келмейтін себебі елімізде сырттан банктерді кіргізбеу керек деген лобби бар екен. Бізде ашық бәсекелестік болып, әлемдік банктер келетін болса ол халыққа тиімді болар еді. Сол шетелдің банктерін кіргізгісі келмейтіндер мемлекеттен ақша алады. Президент бізге қарағанда көп нәрсеге қанық, сондықтан банктерге мемлекеттен ақша бөлуді доғарып, таза бәсекелестікке итермелеп отыр деп есептеймін. Мәселен, бізде ипотеканың пайызы сұмдық жоғары, 2-3 есе көп төлейміз,-дейді С. Нұртаза.

Сонымен қатар ол Президент осы жолғы Жолдауында ең төменгі жалақыны 60 мың теңгеге дейін жеткізу мәселесіне қатысты ойын білдірді.

Әрине, 60 мың теңге деген өте аз, оданда көбірек етсе жақсы болар еді. Себебі халықтың жағдайы қазір мәз емес. Біз тек Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларымен есептемеуіміз керек, шалғай ауылдарда бір отбасы 70 мың теңгеге өз күнін әрең көріп жүр. Сондықтан келешекте осы 60 мың теңге жоқ дегенде 160 мың теңге болады деп сенейік,-дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы