Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Облыс әкімдігінде Еріктілер жылына байланысты іс-шараларды іске асыру барысы талқыланған селекторлы кеңес өтті. Онда Жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Марат Жұрқабаевтың есебі тыңдалды.
Марат Жұрқабаевтың айтуынша, қазіргі таңда Қостанай облысында 80-ге тарта еріктілер ұйымының 15 мыңнан артық мүшесі бар. Олар "Таза әлем" бағыты бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Яғни, еріктілер қоршаған ортаны қорғауға атсалысып, өзендер мен ормандарды тазалайды, көшет отырғызып, қоқыс сұрыптайды.
2019 жылдың қорытындысына сәйкес, Қостанай облысы жастарды әлеуметтік-қоғамдық қызметке тартудың үздік нәтижесін көрсетті. Биыл Қостанай облысына 638 квота бөлініп отыр. Qazvolunteer.kz сайтында 490 студент пен 35 ұйым-алаңы тіркелген, – деді басқарма басшысы.
Өңір еріктілері жыл басынан бері 180 іс-шара өткізіп, 6 мыңнан астам адамды қамтыған. Олар негізінен жалғыз тұратын қарттардың үйлерін, аулаларын тазалап, BizBirgemiz республикалық акциясы аясында мұқтаж жандарға азық-түлік жеткізуге көмектескен.
Коронавирус инфекциясының алдын алу жағдайында үйде қалуға мәжбүр болған қарт адамдарға дәрі-дәрмек және жеке гигиена құралдарын жеткізуге көмек көрсетіледі. Жалпы, акцияға бүгінде 270-тен астам ерікті қатысты. Олар 1155 қарт адамға дәрі-дәрмек апарып берді, – деді Марат Жұрқабаев.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов төтенше жағдай кезінде жұмысқа тартылған еріктілердің қауіпсіздігі маңызды екенін атап өтті.
Жастарды барлық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету қажет, – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, облыс әкімі кезекті рет елді мекендерді көгалдандыру бойынша барлық жұмыстар осы жылдың күзіне уақытша ауыстырылғанын, ал төтенше жағдай кезінде елді мекендерді қоқыстан тазарту жұмыстары коммуналдық кәсіпорындар есебінен жүргізу қажеттігін хабарлады.