Мәжілістегі «АМАNАТ» партиясы фракциясының депутаттары Нұржан Әшімбетов, Жарқынбек Амантай және Вера Ким «ERG Service» ЖШС құрамына кіретін Павлодар машина жасау зауытында болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Еуразиялық топтың құрамына кіретін бұл зауыт 1955 жылы іске қосылған. Бүгінде ол металл конструкциялары мен жүк көтеру жабдықтарын, соның ішінде заманауи кран техникасын өндіруге маманданған.
Сапар барысында зауыт басшылығы депутаттарды технологиялық процестермен, жаңа өндірістік мүмкіндіктермен және заманауи жабдықтармен таныстырды. Зауыттың қазіргі заманғы қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келетіні және жұмысшыларға қолайлы еңбек жағдайы жасалғаны айтылды.
Бұдан соң депутаттар кәсіпорын ұжымымен кездесіп, еңбек жағдайын жақсарту және өндірісті жаңғырту мәселелерін талқылады.
Біз еліміздегі жетекші кәсіпорындардың біріне келдік. 2025 жылды Президент жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Жастарға кәсіпорын басшылығы ғана емес, мемлекет тарапынан да қолдау көрсетілетініне бүгін осында көз жеткіздік. Жас мамандар тәжірибеден өтіп, қызметте өсу мүмкіндігіне ие болады. Бұл – жұмысшы мамандар үшін әлеуметтік қолдау, – деді Вера Ким.
Нұржан Әшімбетов зауыт жұмысшыларының бос уақытын тиімді ұйымдастырып, егін шаруашылығымен айналысуы үшін өндіріс қызметкерлеріне саяжайлардан пайдаланылмай жатқан жер телімдерін беруді ұсынды.
Жұмысшыларға жағдай жасау және мамандықтарының беделін арттыру – бұл тек кәсіпорындардың ғана емес, мемлекеттің де міндеті. Біз жастарды өндіріс салаларына тартуымыз керек. Президент бірнеше рет елімізге білікті мамандардың қажеттігін атап өтті. Жұмысшыларға жеке шаруашылық жүргізу үшін жаңа мүмкіндіктер, соның ішінде бау-бақша өсіруге арналған жер телімдерін ұсыну сияқты ынталандыру шараларын жасауымыз қажет, – деді Нұржан Әшімбетов.