Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов Түркістан қаласындағы №133 сайлау учаскесіне келіп дауыс берді.
"Бүгін сайлауда халықтың соншалықты ынтызарлығын сезініп тұрмын. Себебі, олар өздерінің Президентін дұрыстап сайлап алу үшін өте бір құштарлықпен келіп отыр деп айтуға болады. Сайлаудың маңызы халықтың барлығына жете түсіндірілді. Үлкен таңдаудан өткен бұл Президентіміз ертең біздің тағдырымызды шешеді. Халық экономика, әлеуметтік салада болып жатқан қиындықтарды толық сезінуде. Бұрынғыдай дауыс беруде кім болсын, соған бере салмай дұрыс таңдау жасауға ұмтылуда" - дейді Нұрмахан Жолдасов.
Оның айтуына қарағанда, әр сайлаушы өз таңдауын жасауға құқылы.
"Елбасымыз Қазақстанды жоқ жерден осындай бүгінгі күнге жеткізді. Сайлаушылар әрбір үміткердің іс-әрекеттері мен сөздеріне, алдына қойған талаптары мен бағдарламаларына салыстырмалы түрде қарап шығып, өз таңдауларын жасап жатыр. Облыс, қала аудандардағы қай учаске болмасын, халықтың көптеп келіп жатқаны қуантады. Сайлаушылардың өздерінің және болашақ ұрпақ алдында жауапкершілігі оянып, сана-сезімдері әлдеқайда жоғары көтерілген", - деді ол.