Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Шапағат» сауда орнында бірқатар санитарлық талаптың сақталмайтыны анықталды. Бұл туралы Байқоңыр аудандық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандары сауда орнына жасаған рейд барысында белгілі болды.
Бір ғана қабаты 1000 шаршы метрді құрайтын алаңда 300 адамнан аспауы тиіс. Бүгін мұнда жүрген тұрғындардың саны одан көп болмаса, аз емес. Тепловизор ұстап, кіре берісте тұрған күзетші кіріп жатқандардың ыстығын өлшеп «үлгермеуде». Жабық базардың сыртында «бетпердесіз кіруге болмайды» деген жазу ілулі тұр. Алайда, ішке кірген соң, оны иекке түсіріп алғандар да, шешіп тастағандар да баршылық.Әлеуметтік арақашықтықты сақтауға шақыратын жолақтар бір жерде бар, бір жерде жоқ. Оған мән беріп, сол реттілікті сақтап жатқан халықты да байқамадық. Бәрі анталап, сатушыны қаумалап алған. Бұл көрініс рейд жүргізіп жүргендердің назарына бірден ілікті.
Рейд барысында басқарма қызметкерлері сауда орындарында әр 1,5 метр сайын тұруы тиіс санитайзерлердің кей жерде жоқ екендігін, әлеуметтік қашықтық сақталмайтынын, кей сатушылардың бетпердесіз қызмет көрсететінін анықтады.
Сауда орнының әкімшілігі санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз етулері керек. Ол үшін арнайы қызметкерлер қадағалау жұмыстарын жүргізіп, талаптарды орындамағандарға өз іштерінде ескерту жасап, тәртіп орнатулары қажет. Алайда, мұндай жұмыстың нәтижесін көрмедік. Аталмыш сауда орнының әкімшілігіне қатысты әкімшілік шара қолданылатын болады, - дейді басқарманың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Асыл Сералы.Ал сауда орнының әкімшілігі басқарма қызметкерлерінің айыбымен келіспейді. Олардың пікірінше, әр адамды қадағалап отыру мүмкін емес. Сауда орны санитарлық талапқа сай барлық шараларды қолға алған.
Әр адамның жанына барып, «маскаңды ки» деп айту мүмкін емес қой. Біз кіреберіске ескерту жаздық. Адамдардың санасына да байланысты. Ішке кіргенде көбі маскаларын иектеріне түсіріп қояды не шешіп тастайды. Ал санитайзерлер бізде барлық жерде тұр. Әлеуметтік арақашықтыққа келер болсақ, үстіңгі қабаттағы бутиктер ішке тек 2 адамнан кіргізеді. Жолақтар болған, күнде сағат сайын тазалық жұмыстары жүргізілетіндіктен, адам қарасы мол болғандықтан өшіп қала береді. Мұны шешеміз, - дейді сауда орнының әкімшісі Сауле Ыдырысова.Оның айтуынша, төменгі азық-түлік бөліміндегі сатушыларға әлеуметтік арақашықтық жөнінде сан мәрте айтылды. Олардың да айтар өз уәждері бар екен. Сатушылар қанша ескертсе де, тұрғындар оған құлақ аспай жатады екен.
Біз онсыз да қазір шығынмен жұмыс істеп жатырмыз. Айыппұл емес, алғашқы рет болған соң ескерту жасаса да болады ғой. 1,5 ай сатушыларды арендалық төлемнен босаттық. Сауда орны жабық тұрды. Қазір де сауда ең қызатын демалыс күндері жұмысты тоқтатуға мәжбүрміз, - дейді ол.