"Біз біргеміз": Ертіс өңірінде спорттық шаралар онлайн режимде өтуде

7 Сәуір 2020, 18:50
2063
Бөлісу:
"Біз біргеміз": Ертіс өңірінде спорттық шаралар онлайн режимде өтуде

Павлодар облысы. BAQ.KZ тілшісі. Екібастұз өңірінде елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты 60 спорттық шара кейінгіге шегерілді. Шектеу шараларына қарамастан, кей жарыстар "Біз біргеміз" республикалық акциясы аясында онлайн режимде өтті.

Десе де, бұл жарыстар бұрынғыдан өзгерек. Осы жолы Екібастұз қалалық дене шынықтыру және спорт бөліміның мұрындық болуымен гір тасын көтеру бойынша турнир ұйымдастырылды. Турнирдің ерекшелігі сол – жарыс онлайн режимде.

Бөлім басшысы Асылбек Резуановтың хабарлауынша, онлайн-жарыстың басты мақсаты - бұқаралық спортты дамытып, халық арасында салауатты өмір сүрі салтын дамыту.

Онлайн режимінде гір тасын көтеріп, күш сынаймын дегендердің қарасы қалың болды. Жарыс барысында қала және ауыл тұрғындары шеберлік байқасты. Жарыстың шарты бойынша қатысушылар бес минут ішінде гір тасын көтеруі тиіс болды. Тастың салмақтары - 8, 16, 24 және 32 келі. Негізгі шартымыз бойынша әуесқой спортшылар бес минуттық видеоны түсырып, ұйымдастыру комитетіне жолдады. Біз қарап шығып, шешім қабылдадық. Бұл жарысқа 19 азамат қатысуға ниет білдірді, - дейді Асылбек Аезуанов.

Айта кетейік, бұл өңірдегі алғашқы тәжірибе емес. Бұған дейін салалық мекеме "Рухани жаңғыру" бағдарламасы шеңберінде қыз-келіншектер арасында асық атудан онлайн турнир ұйымдастырған еді. Бұл тәжірибе кеңінен таратыла бермек.

Еске салсақ, бүгінгі таңда пандемияға орай өңірдегі балалар мен жасөспірімдер мектебінің жұмысы тоқтатылды. Сәйкесінше, жаттығулар да өткізілмейтін болды. Қазіргі таңда 23 мыңға жуық бала жаттығуларын тоқтатуға мәжбүр. Аймақтағы спорт және дене шынықтыру басқармасы өкілдерінің мәліметінше, 18 чемпионатты өткізу кеінгіге қалдырылды.

Өзгелердің жаңалығы