Біз батыстық сәулет мектебінен қалып келеміз – сәулетші

13 Қазан 2023, 12:23
1530
Бөлісу:
Біз батыстық сәулет мектебінен қалып келеміз – сәулетші
Фото: Нұрлан Камитов мұрағатынан

Қазақ даласында сәулет өнері X-XII ғасырларда Қарахан мемлекетінің кезінде өркендей бастаған еді. Сол уақыттан бері еліміздің қалаларында сәулетшілердің тамаша қолтаңбасын көруге болады. Осы ретте BAQ.KZ тілшісі сәулетші, RIBA Британдық сәулетшілердің корольдік институтының құрметті мүшесі, AIA Америка сәулетшілер институтының мүшесі, IAAM Халықаралық Мәскеу сәулет академиясының профессоры Нұрлан Камитовпен әңгімелескен еді. 

– Қазіргі қазақ сәулет өнеріне тоқтала кетсеңіз. 

– Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін 30 жыл өткен соң да, сәулет өнері мен мектебінде сол стандарттар сақталып қалған. Сонымен қатар қала құрылысы регламенті барлық қалалар мен өңірлерде бірдей. Айырмашылықтарын байқамайсыз, мектептерінің құрылысы, мәдениет үйінің сырт келбеті бір-біріне ұқсас. Бұрындары кеңестік нормалардың шешімдері бір орталықта қабылданатын болғандықтан, осындай жағдайлар орын алатын. Дегенмен қазіргі кезде де осындай шешімдер қабылданып жатыр. Кейбір ережелерді жаңарту қажет болған жағдайда да, ең алдымен, халықаралық стандарттар емес, ТМД тәжірибесі зерттеледі. Сол себепті қазақстандық сәулет саласы әлемдік нарықта бәсекеге қабілетсіз болып қала береді деп есептеймін. Жобалау кезеңдерінде де, ережелерінде де біз әлемдік қауымдастықпен мүлдем сәйкеспейміз.

– Неге әлемдік бәсекеге сәйкес келмейміз деп есептейсіз?

– Қазақстандық сәулетшілер сәулет саласы және қала құрылысы жобаларын жасауда ескі нормалар мен ережелерді қолданатындықтан, шетелдік әріптестерінен ұтылып жатыр. Бұл оларға өз қызметтерін экспортқа ұсынуға мүмкіндік бермейді. Америкадағы сәулетші Бразилияда, Оңтүстік Америкада, Малайзияда, Жапонияда еш қиындықсыз жобалар жасайды, өйткені оларда бұл нормалар стандартталған және бір-біріне түсінікті. Біз өз стандарттарымызбен, екі сатылы, кейбір жерлерде тіпті үш сатылы жобалаумен әлемдік кеңістіктің ешбір деңгейіне мүлдем сәйкес келмейміз. Сондықтан біздің сәулетшілер Қазақстандағыдай жобалап, шетелде жұмыс істей алмайды. Сол себепті біздің еліміз сәулет саласында өзінің экспорттық әлеуетін әлі пайдалана алмайды. 

– Жобалау саласының маңызы қандай?

– Біздегі сәулет өнеріндегі жобалау саласындағы нормалық базаны қайта қарау маңызды. Қажетсіз, ескірген нормалардың шамамен 40 пайызын алып тастау керек. Бізде әлі күнге дейін терезенің қасбетінде қанша әйнек болуы керек екендігі туралы норма бар. Кейбір сарапшылар мұны қабылдайды, кейбіреулері қабылдамайды. Жобалаудың бірыңғай тәсіліне қарамастан, әрбір ел немесе аймақ оның ішіндегі өзінің ерекшеліктері мен қажеттіліктеріне қарай жекелей регламенттерді басшылыққа алады. Сондықтан Қазақстанда халықаралық стандарттарға көшу кезінде әрбір муниципалитетке өзінің жоспарлау кодын әзірлеуге мүмкіндік беру қажет. Мысалы, Майямиде 10 түрлі аймақ бар және әрқайсысында 180 градусқа ерекшеленуі мүмкін әртүрлі ережелер бар. Бірақ жобалау ережелері барлығына бірдей. Біздің елімізде де Солтүстік Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстанның құрылысы мен сәулеті табиғатына мән беру қажет.

– Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы