"Біз барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайынбыз" – Бектенов Чехиямен ынтымақтастық туралы

Қазақстан Чехиямен жаңа жобаларға толық қолдау көрсетуге дайын, инвесторлар үшін қолайлы орта күшейтілуде.

 Үкіметтің баспасөз қызметі Кеше 2026, 17:05
Кеше 2026, 17:05
42
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов Астанада өтіп жатқан Қазақстан мен Чехияның бизнес-форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкімет басшысы Қазақстан Үкіметі екі ел арасындағы жаңа жобаларды табысты іске асыру үшін барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайын екенін атап өтті. Оның айтуынша, Президент тапсырмасына сәйкес елде проактивті инвестициялық саясат жүргізіліп жатыр. Осы бағытта 2030 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы жаңартылған.

Олжас Бектенов бұл тұжырымдамада «Бәйтерек» холдингіне маңызды рөл жүктелгенін айтты. Холдинг ұлттық инвестициялық холдингке айналдырылып, оның аясында инвестициялық кеңес құрылған.

Біз шетелдік инвестиция тарту жұмысын күшейтіп жатырмыз. Бұл үшін инвестициялық әлеуеті жоғары басым нарықтарда «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының қатысу аясын кеңейтудеміз. Сонымен қатар, инвесторларға қолдау көрсетіп, ақпарат беретін бірыңғай орталық – Kazakhstan Investment House құрылады. Ол «бір терезе» қағидаты бойынша кешенді қызмет ұсынады, – деді Бектенов.

Сондай-ақ ол Бас прокуратура жанынан инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылғанын айтты. Бұл орган инвесторлардың заңды мүдделерін қорғап, бизнес жүргізуге тең жағдай жасайды.

Бұдан бөлек, премьер-министр ірі инвесторлармен заңнаманың тұрақтылығына кепілдік беретін инвестициялық келісімдер жасалатынын атап өтті. Сонымен қатар, дайын инфрақұрылымы бар арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар жұмыс істеп тұр.

Бизнес үшін ерекше жағдайлар Astana International Financial Centre аясында жасалған. Бұл орталықта ағылшынның жалпы құқығына негізделген юрисдикция қолданылады, ол құқықтық рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етеді. Құрылғаннан бері мұнда 88 елден 5 500-ден астам компания тіркелді, оның ішінде Чехиядан бес компания бар. Бұл аталған юрисдикцияның тиімді әрі сенімді екенін көрсетеді. Жалпы, осы шаралардың барлығы чех серіктестердің Қазақстанда жаңа бастамаларды іске асыруына қолайлы орта қалыптастырады деп сенеміз, – деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, Қазақстан ұзақ мерзімді инвестициялар үшін ашық әрі сенімді ел болып қала береді. Инвесторлармен сенімді диалог орнату – инвестициялық саясаттың маңызды бөлігі.

Қазақстандық және чех компанияларының белсенді қатысып отырғанын көріп қуаныштымын. Әр тараптың күшті жақтарын тиімді пайдаланып, жаңа бағыттарды аша отырып, өзара тиімді әріптестік құра аламыз. Өз тарапымыздан Үкімет жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын, – деді Премьер-министр.

Наверх