Биылғы су тасқынының есебінен Балқаш көлі 23 см-ге көтерілді

12 Тамыз 2024, 15:28
636
Бөлісу:
Биылғы су тасқынының есебінен Балқаш көлі 23 см-ге көтерілді
Фото: gov.kz

Биылғы су тасқыны кезеңінде еліміздің су шаруашылығы нысандары тасқын суын қауіпсіз өткізуді қамтамасыз етіп қана қоймай, су қоймаларын толтыруға және соңғы жылдары құрғауға айналған сағаларға, лимандарға, табиғи шабындықтарға, көлдер мен басқа да су айындарына су жіберуге мүмкіндік берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еліміздің су қоймаларына 75 миллиард текше метр су жиналды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 миллиард текше метрге артық. Жиналған судың 12 миллиардтан астамы – тасқын суы.

Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері Балқаш көліне 3,3 млрд текше метр, Каспий теңізіне шамамен 7,4 млрд текше метр су жіберілді.

Балқаш көлінің орташа су деңгейі 23 см-ге көтеріліп, 182 см-ге жетті. көтерілді. БҚО-ның Қамыс-Самар көлдеріне 80 млн текше метр су барды, Ұлытау облысынан Қызылорда облысының көлдер жүйесіне су жіберілді. Тобыл өзеніне 2000 жылдан бері алғаш рет қарқынды су ағыны байқалды. Қостанай облысында Тобыл өзенінің ірі су қоймалары тасқын суын қауіпсіз өткізуді қамтамасыз ете отырып, 92% су жинады.

Жиналған тасқын суы негізінен ауылшаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдаланылады. Сондай-ақ, лимандар мен шабындықтарға бағытталған тасқын суы мал шаруашылығын қажетті жем-шөп қорымен қамтамасыз етуге оң әсер етеді.

Астана су қоймасын тасқын суымен толтыру 2 млрд теңгеге дейін қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді. Былтыр Астана су қоймасындағы су көлемі қаланы ауыз сумен толық қамтамасыз етуге жетпеді, сондықтан су қоймасын Қ.Сәтбаев атындағы каналдан қосымша толтыруға тура келді. 

Биыл Астана су қоймасын толтыру көрсеткіші 99,6%. Бұл жыл бойы елорда тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ Есіл өзенінің гидрологиялық жай-күйін жақсарту мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы