Биылғы бюджеттік субвенция көлемі 2 трлн теңгеден асады – Ұлттық экономика министрлігі

15 Наурыз 2022, 12:11
1779
Бөлісу:
Биылғы бюджеттік субвенция көлемі 2 трлн теңгеден асады – Ұлттық экономика министрлігі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Сенатта «Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы теңгерімсіздіктерді азайту мақсатында бюджетаралық қатынастарды жетілдіру» тақырыбында өткен Үкіметтік сағатта айтты.

Министр Мемлекет басшысы бюджетаралық қатынастардың негізгі қағидаттарын сақтауға және жалпы алғанда өңірлердің қаржылық дербестігін кеңейту қажеттігіне назар аударғанын атап өтті.

Бюджетаралық қатынастар жүйесі өңірлердің бюджеттік қамтамасыз етілу деңгейін теңестіруге және елдің Конституциясы мен заңдарында кепілдік берілген мемлекеттік қызметтер көрсету үшін тең фискалдық мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған. 2008 жылдан бастап бюджетаралық қатынастар тұрақты сипатқа ие және бюджеттік алып қоюлар мен субвенциялардың көлемі жыл сайынғы өзгерістерсіз үш жылға заңмен бекітіледі.Үш жылдық кезеңге арналған субвенциялар мен алып қоюларды бекіту өңірлер үшін ынталандырушы сипатқа ие және жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін әкімдерге қосымша кірістерді өз бетінше қолдануға мүмкіндік береді, - деп айтты Қуантыров Сенатта.

Оның сөзінше, Бюджет кодексіне сәйкес жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі жергілікті бюджеттің кірістері мен шығындарының көлемінің болжамы арасындағы айырмашылық ретінде айқындалады.

Бізде төрт донор өңір бар. Бұл Атырау мен Маңғыстау облыстары және Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары. Қалған 13 өңір субвенциялық. 2022 жылға арналған алып қоюлардың жалпы сомасы 491 млрд теңгені құрайды, бюджеттік субвенция көлемі 2 трлн теңгеден астам, - дейді Ұлттық экономика министрі.

Министрдің айтуынша, жүйенің мәні – мемлекеттің қайта бөлу функциясын орындау, бюджеттік сепаратизмді болдырмау.

Ол бюджетаралық қатынастардың қолданыстағы жүйесі озық халықаралық практикаға сәйкес келетінін атап өтті.

Дамыған елдерде субвенцияларға ұқсас трансферттер бюджет шығыстары мен кіріс мүмкіндіктері арасындағы алшақтықты жабуға аумақтарға бөлінеді және нысаналы сипатта болмайды.

Өзгелердің жаңалығы