Бүгінгі күнтізбе бойынша биылғы 2024 жыл кібісе жылы. Бұл – биылғы жылдағы дата саны жылдағыдан бір күнге көп екендігін білдіреді. Жыл санауы бойынша, халық ұғымында төрт жылда айналып келетін кібісе жылына қатысты пікір-пайым әртүрлі. Сонымен кібісе дегеніміз не? Қайдан шыққан? BAQ.KZ осы тақырыпқа шолу жасап көрді.
4 жылда бір келетін артық күн – қыс пен көктемнің тоғысатын тұсы – ақпанның соңғы күні. Бір жылда 365, кейде 366 күн болатындығы осы ақпан айындағы күндерге байланысты. Әрбір айналып келген төртінші жыл 366 күнді құрайды.
Ертеден жазылып келе жатқан деректер бойынша кібісе жылының шығуы ежелгі Мысырдан басталған.
Десек те, тылсым табиғаттың әлі ашылмаған қыры көп. Этнограф-ғалым, ҚазҰУ ұстазы Тәттігүл Қартаева кібісе жылының есептелу тарихы шығыс халықтарынан бастау алады деп жазды.
Кібісе жылды есептеу – ол Шығыстан басталады. Селжүк елінің сұлтаны Мәлік шах 1072 жылы ел билеуге келген. Өзінің билікке келген кезіндегі ең алғашқы қолға алған әлеуметтік маңызы бар, саяси маңызы бар істің бірі ол күнтізбені есептеп қайта шығару. Обсерватория соқтырады. Оған Омар Хайям, Әл Баси сияқты бүкіл шығысқа белгілі ғалымдарды жинап, нәтижесінде күнтізбе жасалып, күн қозғалысына негізделген күнтізбе жасалып, кібісе жылды есептеп шығады, – дейді этнограф-ғалым, ҚазҰУ профессоры Тәттігүл Қартаева.
Кібісе жылының құпиясы бар ма?
Әлем халықтары басқа жылдармен салыстыра қарағанда, кібісе жылына ерекше көңіл бөліп, үреймен қарсы алып, белгілі бір ырым-тыйымдарға сеніп, тіпты сақтық шараларын жасап жатады. Дегенмен, әр күннен несібесін күтетін қазақ халқы жылдың жаманы болмайтындығын айтады.
Түрлі наным-сенімдер, ырым-тыйымдар кібісе жылымен байланысты. Біреуге қорқыныш әкелсе. Біреулерге дәл осы жыл өте сәтті болады.
Ең кең таралған наным-сенімдер: кібісе жылы үйленуге болмайды; Кібісе жылы қиылған неке сәтсіз болады, ерлі-зайыпты тез ажырасады; кібісе жылы адамдардың өміріне қауіп-қатер төнеді; кібісе жылы табиғатта тосын сәттер көп болады; мемлекеттер соғысы жиілейді; кібісе жылы жеке басқа байланысты өзгеріс көп орын алады. Кібісе жылы адам жұмысын, тұрғылықты жерін, тіпті шаш түсін өзгертуге болмайды делінген. Бұл да бір дәйегі жоқ әңгіме. Соынмен қатар, бұл жылы ештеңе бастауға болмайды. Кібісе жылы бизнесті бастауға, үй немесе монша тұрғызуға, салымға ақша салуға болмайды деп есептелінеді. Астрологтардың пайымдауынша, бұл нанымды растап қойған. Сондай-ақ бала тууға, шаңырақ көтеруге болмайды деген қисынсыз наным-сенім бар. Дегенмен, бұл мәселелердің ешбірінің адам өміріне әкелер оң тұсы жоқ. Сондықтан әр күннен бақыт пен қуаныш күткен абзалырық.
Тоғызыншы туған күн иесі
Жамбыл облысының тумасы Гүлнар Шалова — 29 ақпанда дүниеге келгендердің бірі. Ол кібісе жылда, 1988 жылы дүниеге келген.
Мен дүние есігін ашқалы биыл 9-шы туылған күнімді тойламақшымын. Кейде қалжыңдап өзарамызда менің әлі бесіктен белі шықпаған деп қоямын. Негізінен туған күнімді жылда наурыздың 1 күні тойлаймын. Алайда кібісе жылы 29күні ерекше атап өтіп жүрмін. Мен үшін туған күн тойлау, дүркіретіп өткізу осы кібісе жылына туралап жасаймын. Мен туған күнімді көп жандар сияқты, 20,25, 30 жасымды тойламадым. Керісінше кібісе жылдары 24,28,32,34 жасқа толғанда тойладым. Алайда достарым, туыстарым, жора-жолдастарым 28 ақпан түнгі 00.00-ден 1 наурыз түнгі 00.00 дейін құттықтап жатады. Мен кібесе жылында тек ерекше адамдар ғана туылады деп қалжыңдаймын. Соның бірі менмін деп. Әрине кібісе жылы – мен үшін ерекше күтетін жыл. Кібісе жылынан қорқып, үркетіндер де жетерлік. Алайда мен соқыр сенімдерге сенбейтіндіктен, адамдардың қиялынан тудырған қорқынышты нанымдар мені сескендірмейді. Алайда мүшел жасыммен тұспа-тұс келген кібісе жылдарында аса сақтықпен жүремін, - дейді Гүлнар Шалова.
Иә, біздің қазақ нанымында кібісе жылдың кесірлігі жоқ. Ары-беріден соң бұл да табиғаттың тосын мінезі, өмірдің бір сәті дейді үлкендер. Ал қазақ халқында кібісе жылының орны қандай? Біз соңғы тәуелсіздік алғаннан кейінгі кібісе жылдарды түгендеп, шолу жасап көрдік.
Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы кібісе жылдар көші
1992 жылы еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданды. Осы жылы мемлекеттіліктің басты атрибуттары – Елтаңба мен Тудың жаңа үлгісі бекітілді. Сондай-ақ Хельсинкиде Қазақстан Республикасы Еуропа Қауіпсіздігі және Ынтымақтастық Ұйымына мүше болды. Алматы қаласында тұңғыш рет Дүние жүзі қазақтарының І құрылтайы кең көлемде өтті.
1996 жылы Алматыда Республика алаңында ел тәуелсіздігінің бес жыл толуына орай «Тәуелсіздік монументі» ашылды. Спорт саласында Атланта қаласында өткен Олимпиадада бокстан Василий Жиров, күрестен Юрий Мельниченко, бессайыс бойынша Александр Парыгин алтын, ауыр атлетикадан Анатолий Храпатый, бокстан Болат Жұмаділов күміс, Ермахан Ыбырайымов және Болат Ниязымбетов, күрестен Мәулен Мамыров қола медаль еншіледі.
2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиадада бокстан Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбырайымов, жеңіл атлетикадан Ольга Шишигина Олимпиада чемпионы атанып, ел тарихына алтын әріппен есімдері жазылды. Осы олимпиадада боксшы Мұхтархан Ділдәбеков күміс медаль алды. Сонымен қатар қазақ тарихындағы киелі шаһар Түркістанның 1500 жылдығы тойланды.
2004 жыл елордада Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің музейі ашылды. Осы жылы білім сапасын арттыру мақсатында Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) енгізілді. Осы жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясы Ақорда деген атау алып, жаңа ғимаратқа орналасты.
2008 жылы Астанада «Қазақ елі» монументі ашылды. Осы жылы Үкіметтің қаулысымен «Нұрлы көш» бағдарламасы бекітілді. Осы жылы ішкі өнім көлемі артты.
2012 жылы Лондон Олимпиадасында отандастарымыз 7 алтын, 1 күміс, 5 қола жеңіп алып, жалпы командалық есепте 204 ел арасында 12-орын иеленді. Бұл қазақ спорты тарихындағы үлкен жетістік деп саналды.
2016 жылы Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғанына 25 жыл толды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған декларация қабылданды. Астанад «Сарыарқа» республикалық велотрегінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің «Бейбітшілік пен келісімнің 25 жылы» атты фестивалі өтті. ЭКСПО аймағында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған монумент ашылды.
2020 жылы Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына – 30 жыл, Қазақстан Республикасының Конституциясына – 25 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл толды. Осы жылдағы көрнекті мәдени іс-шара – ғұлама, ғалым әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанынына 175 жылдық толуына орай мерейтой кең көлемде атап өтілді. Президенттің тапсырмасымен Абай күні қазақстандық мерекелік тізімге еніп, 10 тамыз – ұлы ақын Абай күні деп бекітілді. Сонымен қатар 2020 жыл әлем бойынша ең ауыр сынақ жылы болды. Қазақстанды да әлемді шарпыған короновирус пандемиясы айналып өтпеді.
Сонымен біз тізбектеген 8 кібісе жылының қай-қайсының да Қазақстан тарихында өзіндік орны айқын. Әрбір 4 жыл сайын айналып келетін жылдың ел үшін аса жайсыз емес екенін жоғарыдағы деректерден аңғаруға болады. Ал енді босағадан аттаған 2024 жылы қазақ халқы үшін, жалпы дүниежүзі халқы үшін тыныш, бейбіт, берекелі жыл болады деп үміт күтеміз.