Биыл Жетісу облысында өңірдегі 1-10 сынып оқушыларының 102,7 мыңы немесе 85% жазғы сауықтырумен қамтылады деп жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық білім басқармасының мәліметіне қарағанда, өңірде қала сыртындағы 10 лагерьдің 9-ы жұмыс жасайды деп күтілуде. Ал Ескелді ауданында орналасқан «Айналайын» балалар үйінің лагеріне күрделі жөндеу жұмыстары басталды.
Жалпы 2024 жылы жазғы демалыс кезінде облыстағы 1-10 сыныптарындағы 121 166 оқушының 102 700-і немесе 85% жазғы демалыспен қамтылады. Оның ішінде әлеуметтік осал отбасынан шыққан 8277 бала жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын қала сыртындағы лагерлерге, 93 223-і мектеп жанындағы тамақтандырылмайтын 308 лагерде, 1200-і Текелі қаласындағы спорттық лагерьде демалады. Сонымен қатар 19 820 бала туристік саяхаттармен, 18 998 бала интеллектуалды шыңдаумен, 46 507 оқушы еңбекпен, 32 700 бала шығармашылық үйірмелермен қамтылады, - делінген басқарманың хабарламасында.
Жаз мезгілінде 222 бала Щучинск, Қонаев, Түркістан қаласындағы «Балдаурен», Алматы қаласындағы «Бөбек» оқу-сауықтыру орталықтарына демалады.
Оған қоса республикалық бюджет қаражаты мен «Қазақстан Халқына» қорының есебінен де балалар демалысы ұйымдастырылады.