Биыл Жетісу облысының жолдарын жөндеуге 5 млрд теңге бөлінді

17 Қараша 2022, 06:27
819
Бөлісу:
Биыл Жетісу облысының жолдарын жөндеуге 5 млрд теңге бөлінді

Биылғы жылы Талдықорған қаласының жолдарын жөндеуге 5 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қарашаның соңына қарай ұзындығы 78 км болатын 122 көшеде жөндеу жұмыстары аяқталады. Соның нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі жолдардың үлесі 82%-ға жетеді. Бұл туралы Талдықорған қаласы тұрғындарымен кездесу өткізген облыс әкімі Бейбіт Исабаев баяндамасында айтты.

Ол өз сөзінде жаңа салынған тұрғын аудандар мен саяжайлардың да жолдарына көңіл бөлініп отырғанын тілге тиек етті. Қазіргі кезде «Көктал», «Шығыс», «Оңтүстік-шығыс» шағын аудандарын, «Жастар-2» тұрғын алабын және «Шайқорған» саяжайын қамтитын жол жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Құрылыс жұмыстары 2023 жылға жоспарланған, құрылыс-монтаждау жұмыстарының болжалды құны  – 14,8 млрд. теңге, ұзындығы – 63,4 км.

Бұдан бөлек 2023 жылы «Үйтас», «Шайқорған», «Мерекелік» сайжайлары мен «Агропромышленник» тұрғын алабында ұзындығы 20 шақырым болатын 50 көшеде орташа жөндеу, ұзындығы 18,3 шақырымды құрайтын 48 көшеде күрделі жөндеу жасалады деп жоспарланып отыр. Сол сияқты «Сарыбұлақ» пен «Ащыбұлақ» саяжайларында 29 көшеге қиыршық тас төселеді. 

Бөлінген қаржы көлемі едәуір болғанына қарамастан, тұрғындар  атқарылатын жұмыстардың сапасы мен мерзіміне қатысты орынды сын айтуда. Сондықтан қала әкіміне көшелерді жөндеу жұмыстарын ерекше бақылауға алуды тапсырамын. Қоғамдық көлік қозғалысын да тұрғындардың қажеттілігін ескере отырып ұйымдастыру керек. Қалалықтардан маршруттардың аздығына, автобус аялдамаларының жағдайына, қызмет көрсету сапасының төмендігіне шағым айтқан арыздар көп түседі, - деді Бейбіт Исабаев.

Жалпы Талдықорғанда 22 маршрут бар, оларда 187 автобус қызмет көрсетеді, жылына олар 22 млн. тасымал жасайды. Бұл орайда қоғамдық көліктің қазіргі қолданыстағы маршруттарына зерделеу жүргізу керек. Облыс әкімінің айтуынша, қала әкімдігі осы зерделеудің нәтижесін ғана емес, талдықорғандықтардың қала маңындағы аймақтарға жаңа маршруттар ашу, қазіргі бар маршруттарды неғұрлым қолайлы ету туралы өтініштерін, талап-тілектерін басшылыққа алуы тиіс.

Сол сияқты Талдықорған қаласы әкімінің алдына жыл соңына дейін 21 смарт-аялдаманың жөндеу жұмыстарын аяқтау туралы міндет қоямын, - деді Бейбіт Исабаев.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өзгелердің жаңалығы