Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Мәжілістің жалпы отырысында жемқорлардан қайтарылған қаражатқа биыл 25 мектеп салынатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оңтайлы және қолжетімді білім инфрақұрылымы да білім сапасының бір бөлігі. Осыған байланысты апатты және үшауысымды мектептер мәселесін жою үшін бірнеше көзден мектеп салу қолға алынды. Атап айтқанда, 1Жайлы мектеп1 ұлттық жобасы. Оның аясында 369 мектеп салынғалы отыр, - деді ол.
Вице-премьердің айтуынша, жемқорлық қылмысы аясында тәркіленіп, қайтарылған қаражат есебінен былтыр 36 мектеп салынса, биыл тағы 25 мектеп салынбақ. "Ауыл ел бесігі" бағдарламасы және жергілікті бюджеттен былтыр 7 мектеп пайдалануға берілсе, биылғы меже тағы 6 мектеп салу болып отыр.
Белсенділік танытып келе жатқан қосымша бір бағыт бұл бизнес инвестиция. Былтыр 56 жекеменшік білім ошағы іске қосылды. Жалпы мұндай жеке меншік мектептердің саны бүгінде 667-ге жетті. Онда 250 мыңнан аса бала тәлім алып жатыр. Жалпы мектеп салу үшін барлық көзден бөлінген қаражаттың 2 жылдық сомасы 2,4 трлн теңгені құрап отыр, - деп түсіндірді Дүйсенова Мәжілісте.
Сондай-ақ биыл 270 мектеп күрделі жөндеуден өткізіледі.