Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жастар арасында психологиялық көмекке жүгіну мәдениетін дамытуға бағытталған «BF Line» жобасы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
BF Line – жастарға арналған тегін психологиялық көмек пен қолдау көрсету желісі. Бұл бастама суицидтің алдын алуға бағытталған ауқымды жобаның бір бөлігі ретінде іске қосылған болатын.
Жоба Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жүзеге асып жатыр.
Жоба Қазақстанның ауылдық жерлерінде және аймақтарында тұратын 14-35 жас аралығындағы балалар мен жастарға арналған. Мәселен 2024 жылы жоба мамандары 1207 өтінішті өңдеген.
Көбіне аймақтарда тұратын балалар мен жасөспірімдер мектеп психологтарына жүгінуге бата алмайды, өйткені мәселелері жария болып кете ме деп қорқады. BF Line арқылы олар қиындықтарын құпия түрде бөлісіп, тегін психологиялық көмек ала алады, - деп хабарлайды қор мамандары.
Осы тұста айта кетейік, оқушылар мен жастар «BF Line» жобасының сайты арқылы психологиялық көмекке жүгіне алады.
Биылғы жоспарға сәйкес, 2025 жылы жобаны дамыту бойынша келесі ұсыныстар әзірленді:
- Мұғалімдер, әлеуметтік қызметкерлер және медицина мамандары үшін суицид қаупінің ерте белгілерін анықтауға арналған оқу бағдарламаларын ұйымдастыру.
- Білім беру, денсаулық сақтау және құқық қорғау жүйелерінің күш-жігерін біріктіретін суицид қаупімен жұмыс істеу жөніндегі үйлестіру орталықтарын құру.
Мемлекеттік және ведомстволық ұйымдармен жасалған меморандумдар аясында 852 педагог-психологқа арналған 8 вебинар өткізілді. Вебинарлар суицидалды ойлау, суицидтің алдын алу және мазасыздық тақырыптарын қамтыды.
Айта кетейік, біздің тілшілер бұған дейін балалар мен ата-аналарға психологиялық қолдаудың заманауи тәсілдері туралы сұхбаты жарияланған еді.
Сондай-ақ "жасөспірімдерді суицидке не итермелеуі мүмкін?" деген сауалға мамандардың пікірін ұсындық.