Елімізде 2,5 млн зейнеткерді қамтамыз етуге бюджеттен 4,262 трлн теңге бөлінген. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі зейнетқы қорындағы жинақты соманы пайдалану жолдары, тиімді жұмсау жөне зейнетақы қорының өзгерістері мен толықтыруларына шолу жасады.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі базалық зейнетақы 32 360 теңгеге дейін, ал ең жоғары зейнетақы 50 851 теңгеге дейін ұлғаяды. Сонымен қатар, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға өседі, бұл болжамды инфляция деңгейінен 2%-ға артық болмақ. Сондай-ақ осы жылы жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының мөлшері ұлғайды. Қазір бұл – 2,5%.
Зейнетақы активтері қалай басқарылады?
2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша зейнетақы активтерінің жалпы көлемі – 22 119,93 млрд теңге. Зейнетақы активтерінің инвестициясы мынадай:
Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары – 41,29%.
Квазимемлекеттік компаниялардың облигациялары – 9,19%.
Банктерінің облигациялары – 3,93%, ҚРҰБ депозиттері – 3,14%, ҚР эмитенттерінің акциялары мен депозитарлық қолхаттары – 1,77%, МҚҰ – 1,32%.
БЖЗҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, "Jusan Invest" АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері шамамен – 10,36 млрд теңге. Ал "Halyk Global Markets" АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері шамамен 4,67 млрд теңге болды. Бұдан бөлек, "BCC Invest" АҚ сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері - шамамен 5,37 млрд теңге. "Сентрас Секьюритиз" АҚ сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері шамамен 1,77 млрд теңге. 2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша "Қазақстан Халық Банкінің ЕҰ "Halyk Finance" АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері 41,16 млрд теңгеден асқан.
Ал экономист-сарапшы Айбар Олжай зейнетақы қоры компаниялардың активтерін сатып алу арқылы салымшылардың кірісін арттыратынын атап өтті.
Зейнетақы қоры активтерді тиімді басқару және жылдық кірісті қамтамасыз етеді. Бұл жерде әрине, инвестициялық стратегиялар ұстанатын болады. Соның арқасында жылдың аяғында салымышыларына барынша мол кірісті алып келеді. Сондықтан салымшыларға кірістің болғаны жақсы, экономикаға, құнды қағаздар нарығының дамығаны қажет. Біздің бұл нарық елімізде жақсы жолға қойылған, Орталық Азия бойынша ең үлкен нарық. Осыны ескерсек Орталық Азия бойынша негізгі биржа болуға мүмкіндігіміз бар. Сондықтан барынша құнды қағаздар нарығын, альтернитивті қаржыландыру нарығын дамыта беру керек, - деді Айбар Олжай.
Зейнетақы жинақтары арқылы үй алуға 2 млн адамның өтініші қаралған
Жинақтары арқылы ипотекалық қарыз бойынша берешекті өтеуге, ипотекасыз тұрғын үй сатып алуға болатындығы 2021 жылы айтылды. Былтырғы жылы бір жолғы зейнетақы төлемдеріне 2 855 320 өтініш келіп түскен, оның ішінен 1 880 496 адамның өтініші расталып, 3,7 трлн теңгеден астам қаржы жұмсалған. Зейнетақы қорындағы ақшамен ипотека төлеу үшін ең алдымен қордағы ақша бекітілген шекті сомадан көп болуға тиіс.
Қанша қаражат алуға болатынын eGov пен eGov-mobile көмегімен немесе БЖЗҚ - Отбасы сайтында болады. ЭЦҚ-ға СМС-құпиясөз арқылы авторизациядан өту керек. Тұлғаны растаған соң зейнетақы шотынан анықтама келеді, оған мынадай мәлімет жазылады: жалпы жинақ сомасы, жектілікті шек, лимиттен тыс сома. Артық ақшаның бәрін алу міндет емес. Бір төлемге жететін соманы аударуға болады, - деді БЖЗҚ баспасөз қызметі.
Қордағы қаражатты ай сайын жұмсаймын десеңіз де өз еркіңіз. Бірақ қайта-қайта өтінім беруге тура келеді, бірнеше айдың қарызын бірден жабуға болатын баптау жоқ.
Қай банк арқылы төлем жасауға болады деген сауалға келсек, бұл схема Отбасы банкте, Altyn, Forte және Bereke (бұрынғы Сбербанк) қаржы ұйымдарында қолжетімді. Halyk, Freedom және ЦентрКредит өкілдері қордағы ақшамен қарызды тек ішінара не толық өтеуге болатынын айтты. Яғни олар ақшаны алады, бірақ кесте бойынша өзіңіз ай сайын төлем жасайсыз. Ішінара ақы түскендіктен, келесі айдан бастап төлем сомасы азаяды. Ипотека екінші деңгейлі банкте рәсімделсе, арнайы шотты сол банктің қосымшасынан ашу керек.
Зейнетақы жинағы жастар үшін ақша жинайтын орын емес
БЖЗҚ 2024 жылға арналған зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану үшін жеткілікті шек мөлшерін жариялап, өзгерісіз қалғанын хабарлаған еді. 2024 жылға арналған жеткілікті шек 20 жас – 3 260 000 теңге ал 59 жасқа – 9 670 000 теңге, 62 жас – 9 890 000 теңге екендігін жариялаған еді.
Ең төменгі жеткілікті шектің өлшемдерін бұрынғы деңгейде ұстау ішінара кірістің болжамды жылдық пайыздық мөлшерлемесінің жоғарылауымен байланысты. Осылайша, бекітілген әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен болжамды есептеулерді ескере отырып, 2024 жылға арналған жеткілікті шек мөлшері осы деңгейде сақталады, - деді БЖЗҚ баспасөз қызметі.
Қоғам арасында зейнетақы жинақтарының жеткілікті шегіне байланысты "20 жастағылар 3 260 000 теңгені қашан жинап үлгереді?" деген дау туған еді. Осы ретте экономист-сарапшы Айбар Олжай зейнетақы жинағы жастардың ақша жинайтын орны емес екендігін, негізгі идеясынан көпшілігі ауытқып кеткенін атап өтті.
Жеткілікті шекке байланысты айтар болсақ, жинақтаушы қордың кейде не үшін құрылғанын ұмытып кете береміз. Ол белгілі бір ақшаны алып, біткенге дейін пайдалану емес. Негізгі идеясы - адам зейнетке шыққанда оның зейнетақысының мол болуын, жеткілікті, жақсы деңгейде өмір сүруін қамтамасыз ету. Негізгі осы функциясынан айырылмағаны жөн. Одан айырылмас үшін жеткілікті шегі енгізіліп отыр. Менің ойымша, зейнетақының жеткілікті шегі барынша жоғары болғаны дұрыс. Ол адамның зейнеттік жастағы ақшасын жинап, сол кезеңде пайдалануы, - деді Айбар Олжай.
Жұмыс өтілі жоқ азаматтар қанша зейнетақы алады?
ҚР Әлеуметтік Кодексінің 209-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін еңбек өтілі 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезең үшін есепке алынады. Еңбек өтілі еңбек кітапшасымен расталады, ал еңбек кітапшасы немесе онда тиісті жазбалар болмаған кезде жұмысы туралы мәліметтерді растайтын құжаттар не соттың шешімі негізінде белгіленеді.
Осы ретте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Асқар Ниязов жұмыс өтілі жоқ азаматтар қанша зейнетақы алатынын атап өтті.
Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін, еңбек кітапшасы, еңбек кітапшасы жоқ немесе жарамсыз болса, еңбек кітапшасында тиісті жазбалар, нақтылық болмаса, түзетулер және оқылуында әртүрлілік болса архив мекемелерінен немесе жұмыс орнынан анықтамалар, мемлекеттік архивтің немесе ведомстволық архивтің уәкілетті қызметкерінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған архивтік құжаттың электрондық көшірмелері немесе жұмыс орнынан анықтамалар қажет, - дейді ол.
Оның сөзінше, еңбек өтілін есептеу кезінде жұмыс істеген жалдырынан басқа кәсіптік білім алу жылдары мен әскерде қызмет атқарған жылдары да есепке алынатындығы ескеріледі. Сонымен қатар, базалық зейнетақы тағайындау барысында 10 жылдан кем жұмыс өтілі бар азаматтарға (жұмыс өтілі жоқ азаматтармен қатар) 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы көлемінде, яғни 32 360 теңге көлемінде базалық зейнетақы тағайындалу көзделген.
Ал 10 жылдан астам жұмыс өтілі бар азаматтарға 10 жылдың артық әрбір жылы үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2 пайызы көлемінде қосылып отырады.
Неге тек 1975 жылдан кейін туылған қазақстандықтар жаңа төлем ала алады?
Елімізде жаңа зейнетақы жинақтары есебінен төленетін төлемді анықтайтын қағидалар күшіне енді. Бұл жаңа төлем – "жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары" (ЖМЗЖ) деп аталады және оны жұмыс берушілер өз қызметкерлеріне биылғы 2024 жылдың 1 қаңтарынан аталған қорға аудара бастады. Кейін сол қызметкерлер зейнеткерлікке шыққанда осы жарналардан оған зейнетақысына қоса, өмір бойғы төлем де төленеді.
Жаңа қағидаларға сәйкес, енді әрбір жұмыс беруші БЖЗҚ-ға қызметкердің табысынан ұсталатын міндетті 10%-дық жарналардан бөлек, өз қаражаты есебінен қосымша жарна аударуға міндетті. Яғни жарналарды төлеу ұйым-компанияның өз қаражатынан жүзеге асырылады, бірақ олардың мөлшері қызметкердің табысына қарай есептеледі. ЖМЖЗ кезең-кезеңмен ұлғайтылады.
Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес 1975 жылдан кейін туылған қазақстандықтар жаңа төлем жүргізу көзделмеген. Әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдерді барлығы мақсатты жүргізілетіндігіне назар аударамыз, - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Асқар Ниязов.
Ал неге тек 1975 жылдан кейін туылғандар ғана ЖМЗЖ ала алады деген сұраққа келсек, өйткені қызметкерлердің осы санатының 1998 жылға дейінгі жұмыс өтілі жоқ немесе мардымсыз. Салдарынан бірен-саранын қоспағанда, негізінен олар қазіргі зейнетақы компоненттерінің басым бөлігін құрайтын ынтымақты зейнетақыны ала алмайды.
Қазақстандықтардың айлығынан тұрақты ұсталатын немесе азаматтар өз бетінше аударатын міндетті зейнетақы жарнасы – олардың жеке меншігі саналады. Тиісінше, егер олар шетелге көшсе, өзімен алып кете алады. Мезгілсіз өмірден өтсе, мирасқорларына мұраға қалады.