Биылғы оқу жылына Ақтөбе облысы әкімдігінен 70 грант бөлінді

16 Маусым 2020, 23:48
1438
Бөлісу:
Биылғы оқу жылына Ақтөбе облысы әкімдігінен 70 грант бөлінді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биылғы оқу жылына Ақтөбе облысы әкімдігінен 70 грант бөлінді. Бұл туралы облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен 2020-2021 оқу жылдарына гранттарды бөлу бойынша өткен комиссия отырысында мәлім болды.

Жиынға қатысқан облыстық басқарма басшылары комиссия алдына қажетті мамандарға грант бөлу бойынша ұсыныстарын білдірді.

2020-2021 оқу жылына жергілікті бюджет есебінен қаржыландыратын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға 70 грант тағайындалды.

Білім басқармасы басшысының м.а. Гүлназ Сүлейменова грант тағайындаудың жолдарын атап өтті. Мамандарды даярлауға грант тағайындау 3 кезеңнен тұрады:

сұраныс жинақтау, қажетті мамандықтардың тізбесін бекіту – ағымдағы жылдың 16 маусымы; мемлекеттік тапсырыс орналастыру үшін жоғары оқу орындарының арасында конкурс жариялау – осы жылдың 30 шілдесінде өтеді. Талапкерге мемлекеттік білім беру грантын тағайындау – ағымдағы жылдың 15 тамызы. Жоғары білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беруге арналған конкурс өткізілген кезде, сондай-ақ жоғары бiлiмдi кадрлар даярлауға мемлекеттiк білім беру тапсырысы бойынша бiлiм алушылардың құрамына қабылдау кезiнде балы тең болған жағдайда "Алтын белгi" алғандар, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының білім туралы құжаттары бар, біліктілігін растаған және мамандығы бойынша кемінде бір жыл жұмыс өтілі бар тұлғалар, тiзбесiн бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган айқындайтын жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздары, жетім балалардың грант алуына мүмкіндік беріледі.

Өңірде медицина, мұғалім, ауылшаруашылық, мәдениет саласының мамандарына деген сұраныс жоғары. Комиссия мүшелері грант бөлу мәселесін талқылай келе, ветеринария мамандығына – 5, ауылшаруашылық мамандығына – 9, дін мамандығына – 4, құрылысқа – 4, мәдениетке – 9, сот сараптамашысы – 2, дене шынықтыру мамандығына – 1, медицинаға – 15, орман ресурсы – 1, білім саласына 20 грант бөлінді.

 

Өңірдегі сұранысқа ие мамандықтарға жергілікті бюджеттен қаржы бөліп арнайы грант тағайындадық, білімді жастар туған жерлеріне еңбек етіп, облысқа адал қызмет етсе оның өзі үлкен жетістік. Жоғары оқу орнын бітірген маман облыстың кез келген кадр тапшылығы орын алған жерге барып, келісімшарт негізінде 3 жылдан кем емес уақыт жұмыс жасауы қажет, яғни білім алған жас мамандар кейін белгіленген орында еңбек етуге міндетті, - деп атап өтті Оңдасын Оразалин.

Айта кетейік, 2019 жылы өңірге қажетті мамандықтар бойынша білім беру қызметіне ақы төлеу үшін жергілікті бюджет есебінен 100 орыннан облыс әкімінің атынан грант бөлінген. Нәтижесінде, облыс әкімінің гранты бойынша, қазіргі таңда жалпы 141 студент оқуда (бакалавр – 107, магистратура – 1, резидентура – 33).

Биылғы жылы аудан (қала) әкімдері мен басқармалардан барлығы 440 кадрға (оның ішінде 425 – бакалавриат, 11 – магистратура, 4 – резидентура) қажеттілік келіп түскен. 

Өңір басшысы білім басқармасы басшысының м.а Гүлназ Сүлейменоваға грантқа түскен студенттердің оқу үлгерімін қадағалап, олармен тығыз байланыста болуды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы