Биыл ҰБТ-ны дайындауға мұғалімдер қатысқан жоқ – Аймағамбетов

7 Шілде 2021, 12:55
3569
Бөлісу:
Биыл ҰБТ-ны дайындауға мұғалімдер қатысқан жоқ – Аймағамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов министрліктің аппарат жиналасында айтты.

Магистратура мен докторантураға тестілеу биыл цифрлық форматта өткізіледі. Оған тиісті дайындық жұмысы жүргізілсін, - деп Аймағамбетов әріптестеріне тапсырма берді.

Министрдің айтуынша, тестілеу облыс орталықтарында орналасқан ғимараттарда өткізіледі.

Ол тағы бір маңызды мәселеге тоқтала кетті.

Биылғы жылғы ҰБТ-ны дайындауға мұғалімдер қатысқан жоқ. Бұған дейін тек қана кезекшілік етудің өзіне 3 000-нан астам мұғалімді елдің түкпір-түкпіріне жіберетінбіз. Оларға іссапарға қаржы төленетін. Биыл бұл 3 000 адам ешқайда жіберілген жоқ. Бір жағынан бюджет үнемделді, екінші жағынан мұғалімдер жаз уақытында демалды және үшіншіден әртүрлі тәуекелдердің алды алынды, - деп айтты БҒМ басшысы.

Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының жергілікті филиалдарын азайту бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды.

Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының құрылымын азайту бойынша жұмысты жүргізуді тапсырамын. Тек қана ең басты орталықтар жұмыс істейді, - деп түсіндірді бас ұстаз аппарат жиналасында.
Өзгелердің жаңалығы