Биыл құқық бұзушылыққа бейім 413 кәмелетке толмаған бала мен бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 266 отбасы полицияның есебіне алынды. Олар тәртіп сақшыларының ұдайы ұйымдастырған рейдтері барысында анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сонымен қатар, ата-ана бақылауынсыз жүрген 44 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды. Оған қоса тексеріс барысында түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған 157 жеткіншектің ата-аналары мен заңды өкілдеріне қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.
Кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында, полиция қызметкерлерімен ұдайы түрде түнгі рейдтер мен «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» және «Жасөспірім және жауапкершілік» атты жедел профилактикалық іс-шаралары өткізілуде. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде құқық бұзушылыққа бейім 413 кәмелетке толмаған және бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 266 қолайсыз отбасы полицияның есебіне алынды, - дейді ТО Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов.
Айта кетейік, облыста 800 мыңға жуық кәмелетке толмаған бала бар. Оладың тәртібі мен құқығының сақталуын 167 жергілікті учаскелік инспектор қамтамасыз етеді.