Биыл тамызда астаналықтар МӘМС жүйесіне 7,2 млрд теңге жарна аударды

12 Қыркүйек 2023, 20:35
889
Бөлісу:
Биыл тамызда астаналықтар МӘМС жүйесіне 7,2 млрд теңге жарна аударды
Фото: Арман Мухатов - архив

Астана қаласы бойынша тамыз айында МӘМС үшін 7,2 млрд теңге жарна аударылған, деп хабарлайды BAQ.KZ Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елордалық филиалына сілтеме жасап.

Ал, жыл басынан бері, яғни 2023 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында елордалықтардан медициналық сақтандыру үшін түскен жалпы сома 53,3 млрд теңге жарна түскен.

Астана қаласы бойынша осы жылдың тамыз айында МӘМС үшін елордалықтар 7,2 млрд теңге жарна аударған. Оның ішінде 3,9 млрд теңге – жұмыс берушілердің, 3,3 млрд теңгеге жуығы – жеке кәсіпкерлердің аударымдары. Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) жүргізетін 7362 төлеушіден 11,02 млн теңге түскен.

БЖТ төлеген азаматтар әрі қарай дербес төлеуші ретінде төлем жасай алады. Осы жерде ескеретін жайт, азаматтардың сақтандырылған мәртебесі болуы үшін, МӘМС туралы заңға сәйкес, 12 айға төлемі болуға тиіс. Егер БЖТ төлеушілердің өткен 1 жылға төлемі болса, 2024 жылдан бастап әр ай сайын дербес төлеуші ретінде төлем жасай алады. Ал толық 12 айға төлем жасалмаса, мысалы ағымдағы жылы 7 айға төлемі болса, азаматтар төленбеген 5 айға дербес төлеуші ретінде әр айға 3500 теңгеден төлеп шыға алады. Келесі жылдан бастап ай сайын жарна төлей береді. Ал ағымдағы жылы 3-4 айға БЖТ төлеген адамдарға алдағы 12 айға төлем жасап, 1 жылға алдын ала сақтандырылған мәртебесін алған тиімді.

Әзірше, азаматтар алдағы жарты жылда БЖТ-ны төлей береді. 2024 жылы сақтандырылған мәртебесін жоғалтпау үшін азаматтар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп немесе дербес төлеуші ретінде жарна төлейді.

Төлем Қазақстанның кез келген банкінде, банктердің мобильді қосымшалары арқылы және «Қазпошта» бөлімшелерінде қабылданады. Төлем жасау кезінде ақша аударылатын тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірін, төлем жасалатын айды көрсету керек.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін түскен барлық жарна аударымдары, яғни жинақталған қаржы, сенімгерлік басқару туралы жасалған келісімшартқа сәйкес, Ұлттық банкте сақталады да, медициналық қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. ТМККК және МӘМС пакеттері бойынша халыққа көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жасап, тексергеннен кейін ғана Қор жеткізушілеріне төлем жүргізіледі, - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Ербол Бекмұхамбетов.

Естеріңізге салайық, 2022 жылдың 5 қыркүйегінен бастап бір жылға алдын ала жарна төлеу арқылы МӘМС жүйесіне қатысудың жаңа тетігі іске қосылды. Оны «сақтандырылған» мәртебесі бар, сондай-ақ жүйеге ешқашан төлем жасамаған немесе жүйесіз төлем жасаған барлық дербес төлеушілер пайдалана алады.

Бұған дейін медициналық сақтандыруға жарналарды ешқашан төлемеген немесе жүйелі түрде төлемеген, соның салдарынан сақтандыру мәртебесінен айырылған дербес төлеушілерге оны қалпына келтіру үшін өткізіп алған айлар үшін, тіпті өткен жылға да жарналарды төлеу қажет еді. Енді оларда балама әдіс пайда болды – жарна аударылмаған өткен кезеңді төлемей-ақ, алдағы 12 ай үшін төлем жасау арқылы «сақтандырылған» мәртебесін ала алады.

Өзгелердің жаңалығы