Биыл Өскеменде 20 аула қайта жаңғыртылады

31 Шілде 2019, 19:11
1417
Бөлісу:
Биыл Өскеменде 20 аула қайта жаңғыртылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Менің аулам» бағдарламасы бойынша қолға алынған жобалар жыл санап ұлғайып келеді. Мұның бір көрінісі биыл тұрғындар үшін жайлана түсетін Өскемендегі 20 аула болмақ. Бұл туралы altaynews.kz сайтында хабарланды.

БАҚ өкілдерімен қалада қайта жаңғыртылып жатқан аулаларды аралаған қала әкімі соңғы үш жыл көлемінде облыс орталығында отыздан астам ауланың күрделі өзгеріске ұшырағанын тілге тиек етті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

«Биыл қала бойынша 20 ауланы қайта жаңғыртудамыз. Олардың 12-не кешенді шешім қабылданатын болады. Осылайша биыл 17 мыңға жуық тұрғынның көңілін жайландырамыз. Олардың 40 пайызы балалар. Үш жыл бұрын басталған жоба аясында 34 аула қалпына келтірілді. Атап айтсақ, 2017 жылы екі, 2018 жылы – 12 аула қалпына келтірілсе, биыл олардың санын 20-ға жеткізіп отырмыз», - деді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.

Осындай кешенді өзгеріске ұшыраған аулалардың бірі Виноградов көшесі, 12 үй мекенжайындағы аула. Бүгінде бірден алты көпқабатты үйге ортақ аулада мың жарымға жуық тұрғын өмір сүрсе, оның 320-сы балалар. Жұмыс барысында ауладағы көлік саны ескеріліп жолдар кеңейтілді. Бұдан бөлек, балалар, ересектер және воркаут алаңқайы орнатылады. Жасыл зоналар да назардан тыс қалмайтынын айтқан қала әкімі қоқыс контейнерлерінің тұрғындар қалауына орай тұрғын үйлерден алыстатылғанын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы