Биыл ШҚО-ның тағы 50 мың тұрғыны таза ауыз сумен қамтылады

12 Тамыз 2021, 10:45
4296
Бөлісу:
Биыл ШҚО-ның тағы 50 мың тұрғыны таза ауыз сумен қамтылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы облыс әкімінің тапсырмасымен су құбырларының құрылысы мен әлеуметтік маңызы бар нысандардың жылыту маусымына дайындығын тексеру мақсатында аудандарды аралап жүр.

Облыс әкімдігінде аймақтағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарының жаңартылуы мен жылыту маусымына дайындығы мәселелері жөнінде кеңес өтті. Даниал Ахметовке басқарма басшысы Алмат Ақышов халықты таза ауыз сумен қамту жөнінде мәлімет берді. Оның айтуынша, биыл сумен жабдықтау және су тарту құрылысы мен қайта жөндеу жұмыстары бойынша 110 жоба іске асырылуда. Жұмыс барысы өндіріс кестесіне сай жүргізілуде. Осы жылдың соңына дейін 98 нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Яғни, тағы 50 мың тұрғын таза ауыз суға қол жеткізеді деген сөз.

Аймақ басшысы кеңес соңында Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысына электр, су және жылумен қамту жүйелерінің құрылысы мен дайындығын өз бақылауына алуын тапсырды.

Алмат Ақышов қазіргі уақытта Семей қаласының іргесінде және Алтай Бесқарағай, Көкпекті, Катонқарағай аудандарында салынып жатқан ауыз сумен жабдықтау нысандарының құрылысын тексерді.

Басқарма басшысы әр ауданның жылыту маусымына жауапты штаб өкілдерімен жиын өткізуде. Жергілікті әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар нысандардың жылу беру маусымына дайындығын қамтамасыз етуді, сонымен қатар нысандар құрылысының сапасын және тиісті мерзімде пайдалануға берілуін бақылауды тапсырды.

 



Өзгелердің жаңалығы