20 қазанда Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен онлайн-режимде Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Онда 2023 жылғы 20 желтоқсанға Парламент Сенатының Қостанай облысынан шығып қалған депутатының орнына сайлауды тағайындау туралы мәселе қаралды, сондай-ақ осы Сайлауды дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді.
Сайлау заңнамасына сәйкес Сенат депутаттары жасырын дауыс беру арқылы жанама сайлау құқығы негізінде сайланады. Жанама сайлау құқығы Парламент Сенатының депутатын сайлауға дауыс беруге тек сайлаушылар – мәслихат депутаттары ғана қатысатынын білдіреді.
Кандидаттарды ұсыну мәслихаттардың сессияларында, сондай-ақ өзін-өзі ұсыну тәртібімен жүзеге асырылады. Өз өкілдері арқылы мәслихаттарда кандидаттарды саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсынуға мүмкіндігі бар.
Конституцияға және заңнамаға сәйкес жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, сондай-ақ біздің еліміздің аумағында соңғы он жыл және өзі өкілі болып табылатын өңірде (яғни Қостанай облысында) кемінде үш жыл тұрақты тұратын, 30 жастан асқан Қазақстан азаматы Парламент Сенатының депутаты бола алады, - делінген хабарламада.
Парламент Сенатының депутаттығына кандидат ретінде тіркелу үшін үміткер облыстың барлық мәслихаттары депутаттарының жалпы санының кемінде он пайызының қолдауын алуы қажет. Бұл қолдау мәслихаттар депутаттарының тиісті қолдары санының жиналуымен куәландырылады.
Сенат депутаттығына кандидат тіркелгенге дейін және оның Конституцияда және Сайлау туралы заңда қойылатын талаптарға сәйкестігі тексергеннен кейін, сондай-ақ оны қолдап жиналған қолдар тексерілгеннен кейін сайлау жарнасын енгізеді. Биыл ол 1 050 000 теңге.
Бұдан басқа, кандидат пен оның жұбайы (зайыбы) тіркелгенге дейін тұрғылықты жері бойынша салық органдарына активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсыруға міндетті.
Орталық сайлау комиссиясы бекіткен Күнтізбелік жоспарға сәйкес Қостанай облысынан Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну ағымдағы жылғы 21 қазаннан басталып, 19 қарашада сағат 18.00-ге дейін жалғасады. Кандидаттарды тіркеу 29 қарашада сағат 18.00-ге дейін өтеді, ал сайлау алдындағы үгіт 2023 жылғы 29 қарашада жергілікті уақыт бойынша сағат 18-ден кейін басталып, 19 желтоқсанда нөл сағатта аяқталады.
Дауыс беруді, дауыстарды санауды және нәтижелерді жариялауды Қостанай облысының аумақтық сайлау комиссиясы бір күн ішінде – 20 желтоқсанда жүргізеді.
Парламент Сенатының депутатын сайлау қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы сайлау өткізілген күннен бастап жеті күн мерзімнен кешіктірмей ағымдағы жылғы 26 желтоқсаннан кешіктірмей белгілейді және бұқаралық ақпарат құралдарында сайлау қорытындылары туралы хабар жариялайды.
Бұдан басқа, отырыста «2023 жылғы 29 қазанға тағайындалған Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлау бойынша дауыс беруге арналған сайлау бюллетеньдері туралы», «Аудан, облыстық маңызы бар қала, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін сайлау жөніндегі дауыс беруге арналған сайлау бюллетеньдері туралы» Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының қаулылары қабылданды.