Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді.
Оның айтуынша, биыл жыл басынан бері министрлік қамтуды арттыруға және сапаны жақсартуға бағытталған бірнеше бастаманы іске қосқан.
Педиатриялық көмекті ұйымдастыру стандарты әзірленді. ДДСҰ ұсынымдарын ескере отырып, нервтік-психикалық даму шкалалары қайта қаралды; баланы дамыту кабинеттерін жарақтандыру нормалары толықтырылды. Алғаш рет аутизмге скринингтік тест енгізілді. Баланы дамыту кабинеттерінің саны 600-ден 1500-ге дейін ұлғайтылады. 49 тұқым қуалайтын алмасу ауруларына жаңа туған нәрестелерге селективті скрининг бойынша пилоттық жоба іске қосылды, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар есту жүйесінің зақымдануының нақты орнын анықтау үшін аудиологиялық скрининг жаңа КСВП әдісімен толықтырылған.
Бюджет арқылы офтальмологиялық және аудиологиялық скринингтер үшін құрал-жабдықтарды қайырымдылық қорлары арқылы сатып алу мәселелері пысықталып жатыр. Биыл дәрілік заттар мен Қазақстандық ұлттық формулярдың тізбесіне балалардың орфандық және ауыр ауруларын емдеуге арналған қосымша 17 дәрілік зат енгізілді, 16,4 млрд теңге бөлінді, - деді министр.