Биыл Қазақстанның қай қаласына туристер көп келген

Бүгiн, 16:23
185
Бөлісу:
Биыл Қазақстанның қай қаласына туристер көп келген
Фото: BAQ.KZ архив

Биыл бірінші жарты жылдықта Қазақстанға 3,4 млн турист келген, деп хабарлайды BAQ.KZ Туризм индустриясы комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ең көп туристер келген Топ-5 қала қандай?

5-орын: Алматы облысы

2024 жылдың бірінші жарты жылдығында Алматы облысына 215 826 саяхатшы келген. Бұл аймақ табиғи көрікті жерлерімен, оның ішінде Шарын шатқалы, Қапшағай су қоймасы және ән салатын құмы бар «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық паркімен танымал. Сондай-ақ, Алматы облысы экотуризм әуесқойлары үшін де үздік бағыт саналады.

4-орын: Ақмола облысы

Бурабай курорттық аймағы орналасқан Ақмола облысына биылғы жарты жылда 227 935 турист табан тіреген. Бұл бағыт туристерге көркем көлдерімен, биік тауларымен және қалың орманымен танымал. Бурабай – таза ауасы мен таңғажайып табиғи пейзажымен белсенді демалыс және сауықтыру үшін де таптырмас орын.

3-орын: Шымкент

Қонақ жайлылығымен танымал Шымкент қаласы туристер саны бойынша әрдайым алдыңғы орындарда тұрады. 2024 жылдың қаңтар-маусым аралығында қалаға 252 919 адам келген. Шымкент шаһары саяхатшылардың демалысы үшін түрлі мүмкіндіктер ұсынады. Киелі және тарихи орындардан бөлек, емдеу-сауықтыру кешендері, сондай-ақ қалада үнемі өткізілетін мәдени және спорттық іс-шаралар туристердің назарынан тыс қалмайды.

2-орын: Астана

Астана қаласын еліміздің тек әкімшілік орталығы ғана емес, сонымен қатар елдің туристік орталығы деп те атауға болады. Елорда 2024 жылдың алғашқы алты айында 677 218 туристі қабылдаған. Еліміздің бас шаһары өзінің заманауи сәулет нысандарымен, мәдени іс-шараларымен және қарқынды дамуымен туристердің назарын аударып келеді.

1-орын: Алматы

Тау-шаңғы курорттары, таңғажайып табиғаты, жұмсақ климаты және қонақжайлылығы сияқты бірнеше артықшылыққа ие Алматы қаласы Қазақстанның ең танымал туристік бағыты саналады. 2024 жылдың бірінші жарты жылдығында оңтүстік астанаға 1 070 358 турист келді.

Өзгелердің жаңалығы