Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары аясында елімізде бұқаралық және балалар спорты қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша 8,5 миллионға жуық қазақстандық дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысады. Бұл – халықтың 41,4%-ы. Оның ішінде:
- 6 млн-нан астамы – ерлер (72%),
- 2,3 млн-ға жуығы – әйелдер (28%),
- 3 млн-ға жуық адам ауылдық жерлерде спортпен шұғылданады.
Бұл көрсеткіш бір жыл ішінде 300 мыңнан астам адамға өскен. Министрлік 2029 жылға дейін спортпен айналысатындар үлесін 50%-ға жеткізуді көздеп отыр.
Балалар спорты ерекше назарда. Биыл жергілікті бюджеттен 50 млрд теңге бөлініп, 7 мыңнан астам тегін спорт секциясы ашылды. Соның нәтижесінде 240 мыңнан астам бала спорттық үйірмелерге қатысу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар республика бойынша жұмыс істеп тұрған 912 жасөспірімдер клубы 298 мыңнан астам баланы қамтып отыр.
Мамандардың айтуынша, бұқаралық спортты дамыту – халық денсаулығын нығайтудың, салауатты өмір салтын қалыптастырудың және жас ұрпақты тәрбиелеудің негізгі тетігі болып табылады.