Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.
Айтуынша, 5 айдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 7,1%-ға ұлғайғанын байқалады.
Шағын және орта бизнес өнімінің жылдық шығарылымы 2 трлн теңгеден асты. Биыл осы сектордың көлемін тағы да 10%-ға ұлғайту міндетін алға қойдық. ШОБ секторы облыс бойынша жұмыс орындарының 40%-ын қамтамасыз етіп отыр. Атап айтқанда, өңірде 243,5 мың адамға немесе жұмыс істейтін халықтың 37,9%-ына жұмыс береді. Сол арқылы облыс тұрғындарының жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуде маңызды әлеуметтік міндетті орындайды, - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Сонымен қатар әкім облыста тағы да жұмыс орындары құрылатынын жеткізді.
Биыл 9 ұлттық жобалар арқылы 15,4 мың жұмыс орнын құруды жоспарлап отырмыз. Соның ішінде 3,9 мыңы – тұрақты, 11,5 мыңы – уақытша жұмыс орындары. Қазіргі таңда 5700 жұмыс орны құрылды, оның 1800-і – тұрақты болып саналады. Жұмыссыздық 4,6% деңгейінде сақталып тұр. Бұл орташа республикалық деңгейден 0,3%-ға төмен. Қолданылып жатқан шаралар аталған көрсеткішті төмен деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді, - деді өңір басшысы.
Еске сала кетейік, бұған дейін әкім биыл Қарағанды облысына 202 млрд теңге инвестиция тартылғаны туралы айтқан болатын.