Биыл қазақ әдебиетіне "Кербұғы", "Қайдасың, қасқа құлыным", "Атау кере", "Тортай мінген ақбоз ат" сынды өшпес шығармалар сыйлап, "Алтайдың кербұғысы" атанған жазушы-драматург Оралхан Бөкейдің туғанына - 80 жыл толады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Осы ретте Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қоры жазушының 80 жылдық мерейтойын атап өту бастамасын көтерді. Мерейтой аясындағы басты іс-шара – жазушының туған жері Шыңғыстай ауылында Оралхан Бөкей музей үйінің ашылуы. Оралхан Бөкейдің тұрған үйінен музей жасақталып жатыр. Қаламгердің балалығы өткен үй жеке заттарымен, естелікке толы жәдігерлермен толықтырылып, мерейтойға қарсы есігін ашпақ. Бұл музейдің аймаққа келушілерге катонқарайғалық талантты өреннің шығармашылығын насихаттауға үлес қосатыны анық.
Катонқарағай жеріне келген әр туриске тарих, осы топырақта туған ұлы тұлғалардың өмірі қызық. Көбі Оралхан Бөкей жайында сұрайды. Өйткені Орекеңнің шығармаларын мектеп қабырғасынан білеміз. Бірақ Оралхан Бөкей музейі бірнеше жылдан бері жұмысын тоқтатып, жабылып қалған еді. Қорымыздың негізін қалаушы, құрылтайшысы Серік Толықпаевтың көмегімен үй сатып алынып, көпшілікке мұражай ретінде ұсынылып отыр. Оның үстіне, бүгінде музей мемлекет балансына берілді. Бұл бәріміз үйренген мұражайлардан әлдеқайда ерекше болмақ. Өйткені бұл – Оралхан Бөкейдің балалығы өткен үйі, жазушының қалыптасуына куә болған қабырғалар. Енді сол рухани орта көпшілік үшін қызмет ететін болады, - дейді қор басшысы Серік Жүнісов .
Республикалық деңгейде тойланатын мерейтойға Мәдениет және спорт министрлігі, Катонқарағай ауданы әкімдігі, Республикалық Жазушылар одағы қолдау көрсетуде.
Сонымен қатар 25 тамыз күні Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылында Оралхан Бөкей музейінің ашылу салтанаты, пленэр өтеді. Дәл сол күні Қатонқарағай ауылында 80 жылдыққа арналған той, бәйге ұйымдастырылады. Әрі қарай іс-шаралар Астана қаласында жалғасын табады.
15 қыркүйек күні Астана қаласындағы Ұлттық мұражайда «Өз отыңды өшірме» атты дөңгелек үстел, жастар театрында «Қар қызы» спектаклі қойылады.
28 қыркүйекте Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында конференция және 30 қыркүйек күні «Алатау» дәстүрлі өнер театрында аламан айтыс өткізілетін болады.
Қазақ әдебиетіне серпіліс әкелген қаламгерлеріміздің еңбегін елеп, республика көлемінде атап өту – ұлт руханияты үшін маңызды. Мұндай іс-шаралар келер ұрпаққа тарихты, әдебиетті дәріптеуге, насихаттауға қосар үлесі зор.