Бұл туралы елордада Медициналық сақтандыру қоры медициналық мекемелерге ұйымдастырған баспасөз туры барысында белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Балалар денсаулығы – ел дамуының маңызды басымдықтарының бірі екені белгілі. Елімізде балалар жеңілдік санатына кіреді және мемлекет есебінен МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Балаларға қормен шарт жасасқан медициналық ұйымдар тегін медициналық қызмет көрсетеді. 2022 жылы мектеп медицинасына шамамен 26,1 млрд теңге қарастырылған.
Мектеп медицинасы білім беру ұйымдарында, яғни тікелей мектептерде, балабақшаларда, шағын орталықтарда немесе басқа да білім беру ұйымдарындағы балаларға медициналық қызмет көрсетуді көздейді.
Бұрын мектеп медицинасы учаскелік қызметке бөлінген қаражат есебінен қаржыландырып келген еді. МӘМС жүйесін енгізу арқылы ол жеке позицияға шығарылды. Бұл мектеп жасындағы балаларға арналған алдын алу шараларының кең ауқымын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Яни, бұл медицинаның осы бөлігіне – сырқаттың алдын алу үшін толықтай тексеруге, қандай да бір сырқат анықталған балаларды дер кезінде «Д» есепке алуға, барлық стандарттардың сақталуын бақылауға ерекше назар аударылады.
Мектеп медицинасы бөлімшесінің міндеттері мен маңызды бағыттарының бірі бөлімше қызметінің жұмысын ұйымдастырды қамтиды. Мектеп медицинасы бөлімшесінің жұмысы оқушылардың жағдайын бақылап, денсаулық жағдайындағы жағымсыз процестердің дамуын болдырмау үшін ұйымдастырылған. Білім беру мекемелерінің оқушылары мен тәрбиеленушілерін медициналық көмекпен қамтамасыз ету балалар емханасының мектепке дейінгі-мектеп бөлімшесіне жүктелген. Бұл бөлімше балалар емханасының барлық басқа бөлімшелерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Біздің емхананың мектеп медицинасы бөлімшесінің құрылымына білім беру мекемелеріндегі медициналық кабинеттер кіреді. Аумақ бойынша бөлімшеде 16 мектеп пен 10 мемлекеттік балабақша бар», - дейді Астана қаласындағы №9 емхананың мектеп медицинасы бөлімшесінің меңгерушісі Азамат Мыңбаев.
Биыл қор білім беру ұйымдарында медициналық қызмет көрсетуге еліміз бойынша 436 емханамен 26,1 млрд теңгеге жуық сомаға шарт жасаған. Салыстыра қарасақ: 2021 жылы – 430 медициналық ұйым көрсетті, шарттардың құны 22,2 млрд теңгені құрады.
Мектеп медицинасының мәні – білім беру ұйымдарындағы балаларды қажетті медициналық қызметтермен қамтамасыз ету. Бұл жұмыс мектеп немесе балабақша орналасқан аумаққа қарасты емхана жауапкершілігінде болады. Ол үшін мектепте медицина қызметкерінің жабдықталған кабинеттері бар арнайы қызмет құрылады. Профилактикалық тексеру немесе вакцинация жүргізу үшін мектепке немесе балабақшаға тиісті профильдегі дәрігерлер келеді. Мұндай іс-шаралар алдын-ала жоспарланады, және ата-аналарға алдын ала хабарланады.
Мектеп медицинасының тарифіне вакцинация, жыл сайынғы профилактикалық тексеру, тіс дәрігерінің тікелей оқу орнында жүргізетін тексеруі кіреді. Сондай-ақ оқу орнындағы дәрігерлер балаларға салауатты өмір салтын ұстану жөнінде іс-шаралар өткізеді. Егер профилактикалық тексеруде патология анықталған болса, онда бала тіркелген жері бойынша емханаға тереңдетілген медициналық тексеруге жіберіледі. Балалардың вакцинациялауы ата-аналарының келісімімен Ұлттық егу күнтізбесі бойынша жүргізіледі. Шұғыл жағдайларда медициналық пунктте жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін балаларға алғашқы көмек көрсетіледі.
Осылайша, мектеп медицинасы мектеп оқушыларының денсаулық жағдайын үздіксіз бақылауды қамтамасыз етуге және қажет болған жағдайда уақытылы алғашқы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.